Отбасында баланы қалай тәрбиелеу керек? «Senimen Bolashaq» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының директоры Айгүл Нұрмағанбетова ата-аналарды бала тәрбиесіне салғырттық танытпай, сауатты болуға шақырады, деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
«Саналы ата-ана» терминін қалай түсіндіресіз?
– Ақпараттық технология, қазіргі жаһандану жағдайында ата-ана болу оңай емес, бұл әлі де қызықты ізденіс. Бұған саналы ата-ана болу тәсілі көмектеседі. Бұл идеяның негізінде баланың қажеттіліктерін түсіну, оның әр кезеңдегі даму ерекшеліктерін білу, өз эмоцияларымен жұмыс істеу жатыр. Кез-келген ата-ананың басты мақсаты – баланы бақытты етіп тәрбиелеу, яғни перзенті қоғамда өзін жақсы сезініп, кәсібін тауып, жарқын және толыққанды өмір сүріп, мақсатын жүзеге асыра алғанын қалайды. Ол үшін ата-аналар баласына екі нәрсені қамтамасыз етуі керек: сүйіспеншілік пен қорғаныш.
Бірлестіктің миссиясы қандай?
– Ол 2021 жылдан бері жұмыс істейді, еліміздің 18 өңірінде филиалдар ашылды. Қозғалыстың құрылтайшысы және негізін қалаушы – кәсіпкер және қоғам қайраткері, «Eurasia Group Kazakhstan» компаниясының құрылтайшысы Нұркен Асанов. Ол пандемия кезінде саналы ата-ана болу идеясы келгенін айтады. Қызымен сөйлесу барысында ол балалар үшін материалдық құндылықтар мен игіліктер маңызды емес екенін түсінген, олар үшін басты бақыт – ата-аналарының қасында болуы, олардың істері мен хоббилеріне қызығушылық танытып, ашық сөйлесе алуы. Қазіргі қоғамда көп ата-аналар ақша табудың жолында, бала тәрбиелеуге және оларға назар аударуға уақыт жоқ. Көптеген ата-аналар үшін ең бастысы - балаларының тамағы мен киімінің болуы, беделді оқу орнында оқуы, үйірмелерге баруы, ал баламен тәрбиешілер жұмыс істейді, ал кейбіреулер балаларды қоғамнан алшақ ұстайды. Біз ересектер, олардың әлеуметтенуін қалайтын сияқтымыз, бірақ сонымен бірге біз оларды мектепке көлікпен апарып әкелеміз. Бәрі отбасынан басталатынын ұғындырмай, балаларға дұрыс тәрбие беріп жатқан жоқпыз. Шынында да, оларға рухани жақындық пен жылулық, әке мен ананың қамқорлығы мен назары қажет. Нұркен Асанов қызы оқитын «Білім-Инновация» лицейінде 50 ата-анаға өзінің идеялары жайлы айтып берген. Осылайша бүкіл республика бойынша қозғалыс басталды.
Ата-аналарға ата-ана тәрбиесінің қандай негіздерін ұсынасыз?
– Баланы жеке тұлға ретінде құрметтеу және ұлттық құндылықтар мен отбасылық негіздерді, өз халқының дәстүрлерін құрметтеу. Ақмола филиалы осы жылдың маусым айында ашылды. Біз ата-аналармен балабақшаларда, мектептерде, колледждер және университеттерде кездесулер өткіземіз, еңбек ұжымдары мен ұйымдарға барамыз, психологтармен бірлесіп тренингтер ұйымдастырамыз.
Жақсы маман болу үшін мектепте, университетте оқып, жұмыс істеп, біліктілігі мен тәжірибесін арттыруы керек екенін бәрі біледі. Бірақ біз ата-ана болуға мүлдем дайын емеспіз. Мұны ешкім үйретпейді, сол себепті біз бала тәрбиесінде көп қателіктер жіберіп, олардың психикасын жарақаттаймыз. Бала тәрбиесіне қатысты кітаптар оқитын, кәсіби мамандар мен сарапшылардың кеңестеріне сүйенетіндер өте аз. Шындығында, бұл маңызды және жауапты процесс. Мысалы, ұлдар мен қыздарды тәрбиелеу айтарлықтай ерекшеленеді.
Біздің құрылтайшы бірлестікті дамыту жолында еш аянған емес. Белгілі спикерлер, ғалымдар, психологтарды шақырады, әлемнің түкпір-түкпірінен танымал авторлардың шығармаларының аудармаларын ұйымдастырады. Осының арқасында елімізде алғаш рет ата-аналардың республикалық кездесуінде сөз сөйлеген және бақытты балаларды тәрбиелеу туралы өз көзқарасымен бөліскен педагог Шалва Амонашвилидің кітабы аударылды. Сондай-ақ Мағжан Жұмабаев пен Ахмет Байтұрсыновтың тәрбие негіздері бойынша еңбектері жинақталды.
Бірлестік құрылтайшысы балалардың оқуға деген сүйіспеншілігін ояту маңызды деп санайды, бұл білім қоймасы және ой-өрісті кеңейту. Баланы жас кезінен оқуға баулып, әдеби кейіпкерлер көмегімен жақсылыққа үйрету керек. Кездесуде Шалва Амонашвили 50 жастағы ер адамның әкесін қарттар үйіне тапсырғаны жайлы деректі мысалға келтірді. Ол бізден «Кімді айыптар едіңіздер?» деп сұрады. Біз бәріміз ұл жаман адам болып өсті деп жауап бердік, өйткені ол әкесін бағаламады. Шалва бұл жағдайға өз ұрпағын дұрыс тәрбиелемеген 70 жастағы әкенің өзі ғана кінәлі үлкендерді құрметтеуге үйретпеген деп қарсылық білдірді...
Сонда ата-аналар нені ескеруі тиіс деп ойлайсыз?
–Ажырасу статистикасын алайық. Қазір жас отбасылар қиындықтан қашады. өйткені олар моральдық тұрғыдан өмір сүруге, қарым-қатынас орнатуға дайын емес. Көбінесе аналар қыздарына «ұнамаса, ажырасасың» деп йтады, осылайша отбасы институтын құнсыздандырады. Біз қызымызды шектен тыс еркелетеміз. Бірақ ол әйел ретінде ошақтың, отбасылық құндылықтардың қамқоршысы, жылу мен жайлылыққа, отбасындағы ізгі ниет атмосферасына жауапты екенін түсіндірмейміз. Оның басты мақсаты – ана болу, демек, өмір беру. Осы ретте біз қыз баланы некеге дайындамаймыз. Сондай-ақ ұлдарға Отан қорғаушы, отбасы иесі ретіндегі рөлін, әке болу дегеннің не екенін түсіндірмейміз, ал отбасылық құндылықтардың негізі осылай қаланады.
Ата-аналардың ең маңызды міндеті – үлгі болу. Сондықтан әкелерге күн сайын балаларына бата беруге кеңес береміз – баланы психикалық және энергетикалық деңгейде қорғайтын, оны күшті ететін ата-ананың батасы.
Өз жұмысымызда біз әкелерге көбірек көңіл бөлеміз. Қазір әкелер тәрбие үрдісінен алшақтап, сырттан бақылаушылар болып табылады, ал бала тәрбиесімен тек аналар ғана айналысады. Бұл дұрыс емес. Әке балаларымен бірге спортпен шұғылданып, хоббиімен бөлісіп, қиындықтарды жеңуге үйретуі керек.
Айтпақшы, кейбір отбасыларда балаға дүниетанымды теріс қабылдауды сіңіреді. Мұндай ата-аналар агрессивті және әрқашан жанжал іздейді, мұғалімдер, көршілер, саясат туралы үнемі нашар пікір айтады. Адамдардың бұл санаты басқаларды өздерінің қиыншылықтары үшін кінәлауға дағдыланған, ал балалар, өкінішке орай, мінез-құлықты сіңіреді.
Алайда көп ата-аналар бала тәрбиесімен айналысуға уақыт жетпейтінін алға тартады. Бұған не дейсіз?
–Уақытты сапалы өткізу керек. Күні бойы балалармен бірге бола алмасаңыз да, кейде 30 минут жеткілікті, егер сіз шынайы қарым-қатынаста болсаңыз, бірге ойнасаңыз, серуендесеңіз немесе спортпен айналыссаңыз...
Біз сондай-ақ ата-аналармен қыздардың ерте жүктілігі мен ерте жыныстық жетілу мәселелерін талқылаймыз. Жағымсыз құбылыстардың алдын алу үшін ата-аналардың міндеті-оларға сүйікті ісін табуға, достар шеңберін кеңейтуге, өздеріне ішкі қолдау табуға, эмоционалды интеллектті дамытуға және өз сезімдері туралы ашық айтуға көмектесу.
Ата-аналар жиналысын өткізу форматын өзгерту қажет деп ойлайсыз ба?
– Иә, біз осы тұрғыда жұмыс істеп жатырмыз. Бұл туралы Білім министрі де ескертті. Дәрістер мен моральдық зерттеулер аз, практикалық семинарлар мен тренингтер көп қажет. Жиналыстар әңгімелесу, диалог алаңдары түрінде өткізілуі мүмкін, онда әркім өз қорқыныштары мен тәжірибелерімен бөліседі. Әдеттегі күнделікті жағдайды нақты зерттей алады, сарапшылардың кеңестерін ғана емес, сонымен қатар басқа ата-аналардың іс-тәжірибелерін тыңдай алады. Қазір филиал Көкшетау қаласының №2 және 18 мектеп-лицейлерінің ата-аналарымен пилоттық режимде жұмыс істейді. Біз сондай-ақ сынып жетекшілерімен де семинар өткіздік.
Бірлестік жастармен қандай жұмыс жүргізеді?
– Біз студенттермен кездесулер өткізудеміз, өйткені олар болашақ ата-аналар. Сауалнама жүргіземіз, оларды не қызықтыратынын және мазалайтынын анықтаймыз. Негізінен қорлау, кибербулинг және зорлық-зомбылыққа қатысты сауалдар көп. Көп жастардың балалы болғысы келмейтіні, ол үшін жауапкершілік алғысы келмейтіні анықталды. Тіпті қазақ қоғамына жат дүниелерді қалыпты деп есептейтіндер де бар. Бұл ересектер үшін қорқынышты және маңызды тақырып. Әрине, қазіргі ұрпақтың өз мүдделері бар, бірақ біз әлі де ойлануымыз керек…
Ата-аналарға айтар кеңестеріңіз...
– Саналы ата-ана болу – бұл баланың қандай тәжірибе алатыны үшін ересектердің жауапкершілігі. Сүйіспеншілік, қамқорлық және қабылдау атмосферасында өсетін бала ғана бақытты, тұрақты және сенімді болып ержетеді. Саналы ата-аналар баланың пікірін құрметтейді және оны тыңдауға, пікірлесуге және түсіндіруге дайын, бұйрық бермейді, балалардың тәуелсіздікке деген ұмтылысын қолдайды. Ата-аналармен кездескенде біз қызықты сұрақтарға жауап іздейміз, балаларға жағымды үлгі болуды үйренеміз. Балалар да жыл сайын өзгеріп отырады және оларға басқа инновациялық тәсіл қажет. Аға буын да кішіден үйрене алады, бұл ойлау мен тәрбие процесінде жаңа парадигма. Сондықтан әкелер мен аналар өздерінің рөлі мен мақсатын білуі керек.
Әрине, жұмысымыздың нәтижесі бірден көрінбейді, оны цифрмен өлшеп баға беру мүмкін емес. Елімізде саналы ата-аналар мен бақытты балалар көп болса, біздің миссиямыздың орындалғаны.Сонда ғана біз болашаққа сеніммен және үмітпен қарай аламыз.