Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2018 жылдан бері шілденің бірінші жексенбісінде еліміз Ұлттық домбыра күнін атап өтеді.
Бұл айтулы дата дәстүрлі қазақ халық аспабына деген қызығушылықты арттырып, оның төл өнерімізде алатын биік орнын айшықтай түсті. Мереке қарсаңында «Астана Опера» дирижері, дарынды домбырашы Руслан Баймурзин осынау аспаптың құндылығы және қазіргі кезде домбырашылық өнердің насихатталуы жайлы өз ойымен бөлісті.
Менің ойымша, домбыра – бұл қазақтың ұлттық аспабы ғана емес, домбыра – ол біздің тарихымыз, рухани байлығымыз, ұлтымыздың жаны. Домбыраның құндылығы ежелден зор, оның қоңыр үні халқымыздың өмірінің көп қырлылығын бүкпесіз жеткізе біледі, сондықтан домбыра біздің мақтанышымыз деп білемін, – деді «Астана Опера» театрының дирижері Руслан Баймурзин.
Руслан Баймурзин «Астана Опера» Симфониялық оркестріне дирижерлік етіп қана қоймай, сонымен қатар Үлкен залда және Күләш Байсейітова атындағы Камералық залда өтетін концерттерде домбырада жеке нөмірлермен және симфониялық оркестрмен қосылып өнер көрсетеді. Әңгіме барысында музыкант 6 жасында домбыраға қызығушылығы оянып, осы аспапта ойнай бастағанын айтты. Руслан Баймурзиннің ұстазы Айтжан Тоқтағанов болғанын айта кетуіміз керек. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, профессор, күйші-домбырашы Айтжан Тоқтағановтың жетекшілігімен өткен ең ауқымды домбыра сабағы барша әлемді тамсандырғаны белгілі. Оны «Ең ауқымды домбыра сабағы» онлайн-рекорды ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізу жоспарлануда.
«Астана Операның» концерттері мен спектакльдерінде домбыраның күмбірлеген үнін жиі естуге болады. Бұл, ең алдымен, театр репертуарында ұсынылған ұлттық спектакльдерге қатысты, мәселен, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамидидің «Абай», Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара», Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» операларында әртістер домбырамен айтылатын танымал шығармаларды орындайды. Олар қойылымға ұлттық бояу беріп қана қоймай, халықаралық деңгейдегі театрдың қазақ халқының домбырашылық өнерімен байланысын айшықтай түседі. Таңданған көрермендердің ду қол шапалақтарынан олардың солистерді шаттана қабылдайтынын, сонымен қатар сахнаға домбырашы шыққан кезде ерекше қуанышқа бөленетіндерін түсінуге болады, – деп атап өтті дирижер.
Шынымен де, осынау әдемі аспаптан жүрек түкпірін қозғайтын күй төгілгенде оны жай тыңдап отыру мүмкін емес. Құрманғазы Сағырбайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы және Дина Нұрпейісова секілді қазақтың біртуар музыканттары ұлы домбырашылық өнерді дамытуға өлшеусіз үлес қосса, көрнекті композитор Ахмет Жұбанов секілді ғалымдар және басқа да көптеген ағартушылар домбыра, күйші, композиторлар жайлы құнды мәліметтер қалдырып кетті.
Жастардың қазақтың ұлттық аспабы – домбыраға деген қызығушылықтары өте зор. Осыдан он-он бес жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда жастардың осы аспапты үйренуге деген ынтасы молая түскенін байқауға болады, бұл дегеніміз домбыраның құндылығы бұрынғыдан да артты. Әлбетте, бұл қуантарлық жайт. Үйренуге ниет білдіруші жастардың саны көбейіп қана қоймай, оқытушылардың кәсіби деңгейлері де артуда, кітаптар, музыкалық хрестоматиялар басып шығарылуда. Ақын Қадыр Мырзалиев «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп бекер айтпаған, қанша ғасыр өтсе де, домбыра өзінің бірегей құндылығын ешқашан жоймайды деп ойлаймын, – деп қорытындылады Руслан Баймурзин.
Сонымен, «Астана Опера» театры мен домбырашылық өнер арасында үзілмейтін байланыс бар, ол маусымнан маусымға дамып, нығая түсуде.