Жастардың баспана мәселесі: Депутат бағдарлама талабын өзгертуді сұрады

13 Қазан 2021, 12:29
12136
Бөлісу:
Жастардың баспана мәселесі: Депутат бағдарлама талабын өзгертуді сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте Nur Otan партиясы фракциясының депутаты Ғани Ташқараев Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру» бағдарламасына қатысты сауал жолдады.

Оның айтуынша, «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасында сұранысқа ие мамандық бойынша жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін үй беру арқылы жас мамандарды қолдау қарастырылған.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2019 жылы «Жастар жылының» ашылуында Республиканың үш ірі мегаполистерінде - Нұр-Султан, Алматы, Шымкентте жүзеге асырылады, аталған қалаларда жыл сайын 1 000 пәтер жастарға арналып тапсырылады.

Сонымен қатар «Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларын бекіту туралы» Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2019 жылғы 29 тамыздағы №318 бұйрығына сайкес өтініш берушінің ай сайынғы табысын кемінде 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде растайтын соңғы алты ай ішіндегі табысы туралы анықтама көрсетуді талап етеді. Егер бағдарламаның басында бұл сомма 101 000 тенгені құраса, 2021 жылдан бастап бұл 116 600 теңгені құрады, - деді депутат.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша Республикада 20-29 жастағы азаматтарымыздың саны 2,5 млн-нан астам. Қалада тұратын жастардың үлесі 1 510 892 құрайды. Бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді.

Осы бағдарлама іске асып жатқан қалалар бойынша халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстарын бағалау бойынша салыстыратын болсақ, 2021 жылдың 1 тоқсанына Шымкент қаласында 76 982 теңге, Алматы қаласында 166 554 теңге, Нур-Султан қаласында 179 722 тенгені құрап отыр. Өңірлерге жұмыс сапар барысында жастармен кездесуде жастар тарапынан бірқатар пікір мен ұсыныс айтылды. Атап айтқанда, жалдамалы пәтерлерді алу конкурсына қатысу үшін тұрғын үйге мұқтаж жас мамандар үшін жалақы мөлшері тым жоғары екендігі айтылды. Жалға берілетін тұрғын үйді конкурс бойынша алу өте қиын, - деп айтты Ғани Ташқараев.

Ол жұмысшы жастар пәтер алу үшін айлық көрсеткішті 40-тан 25 АЕК-ке дейін төмендету - бұл біздің мегаполистердегі еңбегі өте қажет жас отбасылар мен жас мамандарға үлкен көмек болатынын сұрағанын айтты.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде жастарды қолдау мақсатында жалға берілетін тұрғын үйге арналған конкурстарға қатысушыларға қойылатын талаптарды өзгерту мүмкіндігін қарауды сұраймын. Бұл бағдарламаның мақсаты мегаполистердегі сұранысқа ие мамандықтардың жас мамандарымен қамтамасыз ету екенін еске салғым келеді. Осыған байланысты жас мамандардың табыстарына қойылатын талаптардың жоғарылығы түріндегі тосқауылдарды белгілеу орынсыз деп санаймыз және жастарды жалға берілетін тұрғын үй конкурсына қатысуға жол беретін сомалардың, табыстардың еселігін азайтуды ұсынамыз, - деді депутат.

Өзгелердің жаңалығы