Жастар ұзақ мәтін оқығаннан гөрі әлеуметтік желілерде видео қарағанды ұнатады – Айдарханов

8 Желтоқсан 2021, 11:46
2718
Бөлісу:
Жастар ұзақ мәтін оқығаннан гөрі әлеуметтік желілерде видео қарағанды ұнатады – Айдарханов
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттарының жеңімпаздарын марапаттау сәтінде медиа бағыты бойынша грант иегері Әлиғазы Айдарханов айтты.

Әли Айдарханов Youtube платформасында онлайн білім беру сабақтарын жасағаны үшін марапатталды.

Біріншіден, баршаңызды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Мен 5 жылдан астам жастармен мұғалім ретінде жұмыс істеп жүрмін. Сол тәжірибемде байқағаным, қазіргі таңда жастар ұзақ мәтін оқығаннан гөрі Tiktok немесе Youtube сияқты әлеуметтік желілерде видео қарағанды ұнатады. Себебі олар қызықты әрі тартымды болады. Сондықтан біз командамызбен осындай форматта қызықты видеосабақ жасауға шешім қабылдадық. Оның нәтижесінде «Хайс клуб» деген жобаны жүзеге асырып жатырмыз, - деді Айдарханов.

Ол атап өткендей, жобаның негізгі мақсаты – мектеп пәндері бойынша қызықты 3D видеосабақ жасау.

Мысалы, біз Орбұлақ шайқасы жайлы видеосабақ жасадық. Бұл жерде тек оның өткен жылы мен орны ғана емес, аймақтың 3D моделі жасалып, қазақ-жоңғар әскерінің стратегиялық орналасуы көрсетілген. Сол заманда қолданылған қарулардың дыбысы естіледі. Яғни, оқушы дәл сол шайқастың ішінде жүргендей әсерде болады. Оның стратегиялық маңызын да түсіне алады. Осы бағыт бойынша басқа пәндермен де жұмыс істеп жатырмыз. Оның ішінде биология, химия, физика бар. Осы жоба арқылы біз жастарға білім алу қызықты әрі маңызды екенін көрсеткіміз келеді, - деді ол.

Айта кетейік, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табыстады. Грант құны – 3 млн теңге.

Өзгелердің жаңалығы