Атырау облысында жыл басынан бері 28 есірткі тасымалдаушы анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жеңіл жолмен ақша тапқысы келген тұрғындардың 5-еуі әйел. Тасымалдаушылардың 5-еуі Батыс Қазақстан облысынан, 1-еуі Маңғыстау облысынан, 2-еуі Ақтөбе облысынан, 1-еуі Павлодар облысынан, 1-еуі Астанадан, 1-еуі Алматыдан және тағы 2-еуі Тараздан келіпті. Соңғы 5 айда тіркелген заңбұзушылық фактілерін облыстық полиция департаментінің өкілдері жариялады.
Атырау ОПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының 2024 жылғы 5 айындағы атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша есірткімен байланысты 74 құқық бұзушылық тіркеліпті. Нақтырақ айтқанда, есірткі заттарын сақтау бойынша (296б. 4б.)– 7, есірткі заттарын сату бойынша (297б. 1,2,3,4б.)–37, есірткі затын өсіруде (300б.)– 4, есірткіні заңсыз жарнамалау бойынша (299-1б.)– 0 және теріс қылықтар көрсету бойынша– 19 қылмыс тіркелді . Ал былтыр мұндай қылмыстардың саны 45 болған. Статистика құқықбұзушылықтың азаймай тұрғанын көрсетеді.
Биыл заңсыз айналымнан жалпы салмағы 7 келі 961,48 грамм есірткі заттары тәркіленді. Соның ішінде марихуана – 2 келі 355,24 грамм, гашиш – 544,08 грамм, қарасора өсімдігі – 1 келі 500 грамм, каннабис шайыры (смола) – 317,31 грамм, «альфа PVP» синтетикалық заты – 3келі 226,31 грамм, қала аумағында «фитозертхана» анықтау – 1 дерегі, 68 түп сора өсімдігі тәркіленді, «ішкі бақыланып жеткізу» әдісі арқылы жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде басқа өңірдің тұрғыны ұсталып жалпы салмағы – 1 келі 563 грамм синтетикалық есірткі заты тәркіленді. Сонымен қатар осы жұмыс бағытында әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша жүргізілген жұмыс нәтижесімен – 28 (2023 ж. – 34) дерегі анықталды, - дейді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Алишер Нұршаев.
Атырау облыстық Психикалық денсаулық орталығының динамикалық- наркологиялық бақылауында 522 есірткіге тәуелді адам есепте тұр. Оның ішінде: 25 әйел, 1 - жасы кәмелетке толмаған. Жыл басынан бері облыста барлығы 28 есірткі тасмалдаушы анықталды, оның 5 әйел адам. Тасмалдаушылардың арасында БҚО - 5 адам, Манғыстау облысы - 1, Ақтөбе - 2, Павлодар - 1, Астана - 1, Алматы – 1, Тараз – 2 келгендері анықталыпты.
Өткен мерзімде 30 қылмыстық құқықбұзушылық сотқа жолданды. Бірлескен ведомствоаралық жоспарлар шеңберінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаментімен өзара бірлескен жүргізілген тиімді іс-шаралар нәтижесінде 2 қылмыстық құқық бұзушылық анықталып, ұсталған 3 тұлға қамауға алынды. Есірткінің заңсыз айналымынан жалпы салмағы – 57 грамнан астам синтетикалық есірткі заты тәркіленді. ҚР ІІМ 2024 жылғы операциялық жоспарының 45 тармағына сәйкес және есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымы саласындағы құқықбұзушылықтарды анықтау, жолын кесу мақсатында облыс көлемінде биылғы жылдың 26 ақпан 1 наурыз аралығында «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылып өткізілді. ЖПІШ кезінде, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымы саласындағы - 9 кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде 6 - өндірістік, 1-лаборатория, 1 - денсаулық сақтау саласы бойынша,1 - дәріхана қызметтері тексерілді. Тексеру қорытындысымен, ҚР ҚК 303 бабы 1 бөлігімен -1 қылмыстық теріс-қылық анықталып, СДТБТ-не тіркеліп, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде, - деді Алишер Нұршаев.
Есірткіге жақындау, нақтырақ айтқанда өсіру, сату, жеткізудің бәрі үшін жаза қатаң. Оңай жолмен олжалы болғысы келетін жастардың дені темір торда жазасын өтеп жатыр. Арасында кәмелетке толмағандар да бар.
Мен бұл жұмысты әлеуметтік желі арқылы таптым. Есірткі жеткізумен, жасырумен айналыстым. Жұмыс берушілер менімен тек телефон арқылы байланысты. Координаторлар не істеу керектігін айтса, соның бәрін істедім. Әр тапсырманы аяқтаған сайын, жұмысыма ақша төленіп тұрды. Кейін қамауға алындым. Кәмелетке толмай жатып колонияда жазамды өтей бастадым. 2 жылдан кейін ересектерге арналған жаза өтеу мекемесіне ауыстырды. Отбасында жалғыз асыраушы едім. Үй ішімді асырау үшін, осындай қылмысқа баруға тура келді. Қазір қатты өкінемін. Себебі үйде анам мен менен кейінгі 7 бауырым қалды. Мен сияқты жастар шалыс баспаса деймін. Өмірде өзің қалаған жетістікке жетудің басқа да жолы көп, - дейді Атырау қаласында жазасын өтеушілердің бірі.
Полиция қызметкерлері осындай жастардың шалыс баспауы үшін оқу орындарында үнемі түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Жастар мен жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында жыл басынан бері облыс аумағында нашақорлыққа қарсы 363 нысаналы шара өткізілді, оның ішінде 200 лекция, 10 дөңгелек үстел, 3 семинар, 16 акция, 18 кездесу, 26 мәдени-спорттық, 24 сайыс және 66 басқа да шаралар.
Жуырда ғана Атырау қаласының орталық көшелері мен қоғамдық орындарында арнайы эксперимент өткізілді. Есірткі жасырушыларды көргенде тұрғындардың әрекеті қандай екенін көру мақсатында жауаптылар «Жеңіс саябағына» барды. Көшедегі жұрттың денін екі жасөспірімнің ағаш арасында, топырақты қопарып немен айналысып жатқаны қызықтырмады. Дегенмен өжет үш бала «есірткі жасырушыларды» көргенде алдымен қастарына жақындауға оқталып, кейін қуа жөнелді. Тіпті құзырлы орган өкілдеріне хабарлауға да оқталды.
Бетперде киген өзіміз қатарлас екі бала жүргенін көрдім. Алғашында еш күдік тудырған жоқ. Мән бермедім. Кейін жерді қазып, бір зат салып жатқанын көрдім. Қасымдағы достарыма бірден айттым. Қара, ана жүргендер есірткі тасымалдаушылар сияқты дедім. Ұстап, ойымда сол әрекеттері үшін қолымнан келгенше бәрін жасағым келді. Ашу үстінде оның жәй ғана әлеуметтік эксперимент екенін білдім. Есірткі жасырушылардың сол әрекеттерін қазіргі заманауи фильмдерден көріп алғанмын. Өзім ондайға өте қарсымын. Себебі арты жақсылыққа апармайды, - дейді қала тұрғыны Бағытжан Бекзат.
Құзырлы орган өкілдерін әлеуметтік экспериментке бірең-сараң адамның болса да атсалысқаны қуантты. Дегенмен азаматтар ондай әрекетке көбірек мән берсе деген үмітте. Мұндай құқықбұзушылықтарды қоғам болып жеңе алатындарын айтады.
Әлеуметтік экспериментті алдымен Жайық жағасында өткіздік. Ол уақытта ешкім мән беруге тырыспады да. Мына қазір біз тұрған ықшам аудандағы саябақта серуендеушілер белсенді болды. Бұл мұндай бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керек дегенді білдіреді. Негізі есірткі қылмысына қатысты дерек анықталса, заңбұзушы 20 жылға дейін қамалады. Ал егер де қылмыс қайталанса, ол тұрғын өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін, - дейді облыстық ПД аға жедел уәкілі Марьяна Жанғалиева.
Айта кетсек, полиция департаменті есірткі қылмысына қатысты факті анықталған жағдайда анонимді түрде де хабарлама қабылдайтындарын еске салды.