Жасөспірімдерде өмірдің құндылығы туралы түсінік жоқ – психолог

4 Шілде 2022, 11:15
2585
Бөлісу:
Жасөспірімдерде өмірдің құндылығы туралы түсінік жоқ – психолог

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жасөспірімдер суицидінің алдын алудағы қиындық ата-аналардың мектептерде медициналық және психологиялық көмектен бас тартуынан да туындап отыр. 

Бұл туралы «Bilim Foundation» қоғамдық бірлестігінің мамандары мәлімдеді.

Қоғамдық  бірлестік 2017 жылдан бастап өңірде кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алуға бағытталған бағдарламаны іске асырып келеді.

Қоғамдық бірлестік жетекшісі Жанат Жақыпов соңғы жылдары қоғамда отбасылық құндылықтарды сақтау және ересектер мен балалар арасында жақсы қарым-қатынас орнату проблемасы өткір тұрғанын атап өтті.

Біздің талдауымызға сәйкес, кейбір ата-аналар тіпті 15-20 минут балаларымен ашық сөйлеспейді. Олардың арасында диалог, сапалы өзара іс-қимыл жоқ. Олардың көбі асығыс, жұмыс пен үй шаруасынан бос уақыт арасында ғана пікірлеседі. Ата-аналар тек мектептегі бағалары мен үлгерімдері туралы көбірек сұрайды, көңіл-күйге, хоббиге қызығушылық танытпайды. Осыдан балалар зардап шегеді, өйткені ішкі ойын толық ашып айта алмайды. Осы ретте ересектерге барынша мұқият және қамқор ата-ана болуды үйрету керек, – дейді  Жанат Жақыпов.

Бірлестік маманы Жұлдыз Бекахметова он бес жылдан астам мектеп психологы болып жұмыс істейді.

Биыл біз 6 ұйыммен жұмыс істейміз. Өзара іс-қимыл форматын қайта қарадық. Мен психологтарға әдістемелік көмек көрсетуге тырысамын, аудандарға шығамыз, консультациялар мен тренингтік сабақтар өткіземін. Практикалық сабақтарда техниканы дұрыс қолдану жолдарын үйретеміз. Біз депрессияға жақын балаларды сауалнамалар арқылы, жеке әңгіме мен топтық сабақтар кезінде анықтаймыз, – дейді маман.

Оның айтуынша, психолог назар аударуды талап ететін балалар бар. Өйткені олар шынымен көмекке мұқтаж. 

«Эмоцияларын жасырын ұстайтын, өз проблемалары туралы ашық айта алмайтын жасөспірімдер бар. Біз олармен ақпараттандыру сабақтарын өткіземіз, ашық болуға және әлемге сенуге үйретеміз. Балаларға өмірлік жағдайларды талқылайтын ойын түріндегі сабақтар ұнайды. Белгілі болғандай, балаларға өздері және олардың мүдделері туралы айту қиын. Көп жағдайда агрессивті және ашуланшақ, тұйық балалар тренингтерде ашылып, сабақтан ерекше әсер алады. Көп ата-аналар баланың теріс мінез-құлқын түсінбестен бірден төмендететіні жасырын емес. Біз психолог ретінде ол балаға «сен жаман емессің, сен өзгешесің, басқаларға ұқсамауға құқығың бар» дейміз. Ата-аналар баланың өзіне сенімді болып өскенін қалайды, сөйте тұра оған қысым жасайды. Бұл баланың өзін-өзі бағалауын төмендетеді», – дейді Жұлдыз Жасқайратқызы.

Қоғамдық сарапшылардың айтуынша, бағдарлама 5 жыл ішінде жақсы нәтиже көрсетті. Аймақтағы өзіне-өзі қол жұмсау немесе әрекет ету статистикасы бойынша балалар өлімі төмендегенін байқауға болады.

Бағдарламаны енгізгенге дейін облыс бойынша жасөспірімдер арасында 15 суицид тіркелді, 2018 жылы – 8 жағдай, 2019 жылы – 3, 2020 жылы – 7, 2021 жылы-8 жағдайға төмендеді. Бірақ бүгінгі күні осы бағдарламаны енгізуде проблемалар бар.  Өйткені білім басқармасы биыл тек 6 оқу мекемесімен келісімшартқа қол қойды.

Өткен жылы біз бүкіл облысты 100% қамтып, ауылдық елді мекендерде де семинарлар өткіздік. Бірақ мемлекеттік сатып алуға қатысты заң нормаларының өзгеруіне байланысты жұмыс кеш басталды. Қазір оқу жылы аяқталды, балалар демалыста. Қор тамыз айында толыққанды жұмысқа кіріседі және тек 6 мектепте дәріс өткізеді. Біз жылдық жұмыс көлемін 5 айда орындауымыз керек. Бірақ балалардың өз-өзіне қол жұмсауының алдын-алу жүйелі негізде жүргізілуі керек, мұнда бастысы – сапа, – дейді Жұлдыз Бекахметова. 

Оның айтуынша, бұл мәселе Үкімет деңгейінде қарауды талап етеді. Қоғамдық бірлестік мүшелері жергілікті атқарушы органдарға, Білім министрлігіне хат жолдаған.

Мектеп психологтарының жүктемесі көп. Әдетте оқу мекемелерінде 1 600 немесе 2000 бала оқиды, ал бар-жоғы екі психолог қана жұмыс істейді. Сондай-ақ, пән мұғалімдері немесе мектеп директоры сабақтар мен психологияны біріктіреді, бұл әсіресе ауылдық жерлерде көп кездеседі. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында кадрлардың тұрақтамауы байқалады. Жыл сайын көптеген жас мамандар келеді. Егер, мысалы, өңір мектептерінде 530 психолог жұмыс істесе, оның 120-150-і тәжірибесі жоқ жас мамандар. Шын мәнінде, психолог – оқу үрдісіндегі маңызды буын, - дейді психолог.

Қоғам белсенділерінің айтуынша, балалар жылы аясында Білім Министрлігі әр ауданда балаларға қосымша кеңес беріп, отбасылармен жұмыс істейтін психологиялық көмек орталығын ашуды жоспарлаған. Бірақ бұл белгілі бір қаржылық шығындарды қажет ететіндіктен, мәселе әлі шешілмеген.

Суицидтің алдын алудағы қиындық ата-аналардың мектептерде медициналық және психологиялық көмектен бас тартуынан туындайды. Қазір, әрине, ата-аналар психологиялық тақырыптар мен бала тәрбиесі туралы түрлі әдебиеттерді оқиды. Интернеттегі әр түрлі мақалаларды оқу мен психологтың балалармен кәсіби түрде жұмыс істеуі екі бөлек дүние. Көп ата-аналар «өзім білемдікке» салынады. Бұл ересектердің қорғаныс реакциясы, – дейді Жұлдыз Бекахметова.

Ол атап өткендей, көп жағдайда ата-аналар баланың интернеттен үйде өзін-өзі өлтіру туралы ақпаратты іздегенін көргенімен, оның ауыр психикалық жағдайын толық түсінбестен үнсіз қалады. 

Жасөспірімдер ата-аналарына психологқа бірге баруын өтінгенімен, көп ата-аналар бұл өздігінен өтетін жасөспірімдер проблемасы деп жеңіл-желпі қарап, бас тартатын жағдайлар жиі кездеседі. Көп балаларда өмірдің құндылығы туралы түсінік жоқ. Оларға күресуден гөрі өз-өзіне қол жұмсау оңайырақ, осыған байланысты суицид пайда болады. Көбінесе ата-аналар психолог пен психотерапевтті шатастырады. Біз баланың өз-өзіне қол жұмсау әрекеті туындағанда, эмоцияларын басқара алмағанда, тұрақты депрессия жағдайында болған кезде психотерапевтке хабарласуды ұсынамыз. Балалар отбасындағы ахуалды жақсы сезінеді, олар қарым-қатынас көрсеткіштері. Ата-аналар сүйіспеншілік, достық қарым-қатынас сезімін көрсетуі керек, сонда балалар өздерін қауіпсіз сезінеді. Бұл көптеген отбасылық мәселелерді шешеді», – деп түсіндірді маман.

Өзгелердің жаңалығы