Есірткі сатумен айналысатын жасөспірімдер саны күн санап артуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ІІМ мәліметінше өткен жылы елімізде 40-тан астам жасөспірім есірткі тасымалдаумен айналысқан. Ал қаңтар айында 4 жасөспірім есірткі сату және тасымалдау бойынша анықталды. Бұл сандарға қарап елімізде жасөспірімдер арасында есірткіге әуес азаматтарымыздың көп екенін аңғартады. Бірі қаржыдан қысылғаннан тасымалдауға келіссе, енді бірі адасып, қызығушылықпен келгендерін айтады.
Бәрі отбасынан басталады...
Мамандар адамның нашақорлыққа, есірткіге келуіне бірнеше себептер бар. Психолог Айгүл Рақметқызы есірткіге әуес келетін балалар психологиясы туралы айтты.
Баланың есірткіге тәуелді болуына отбасындағы әлеуметтік жағдайдың төмен болуы себеп болады. Қиындыққа тап болғанда бала одан оңай шығудың жолын іздейді. Ал сондай психологиялық күйзелісте жүрген бала осындай іс-әрекеттерге әуес келеді, - дейді ол.
Екіншіден ата-ана баланы қадағаламайды.
Қазір көп ата-ана күнделікті күнкөріс қамымен балаға көп көңіл бөлмейді. Ол неге қызығады, көңіл-күйі қалай, қандай мақсаттары бар деген секілді сұрақтармен баламен көп сөйлеспейді. Бұл әрине бала өзің жалғыз сезінуіне, ешкімге қажет емеспін деп ойлауына әкеп соғады. Ал ондай балалар тұйық келеді және осындай жағдайға тап болғанда кімге айтарын, қалай айтарын білмейді, - дейді маман.
Маман пікірінше, қадағалаусыз бала ғаламтордан көрген ақпараттарға тез алдаңып, соның жетегінде кететін көрінеді.
ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірхановта оның шешімі отбасында болуы керек деген пікірді айтады.
Біз – құқық қорғаушылар, өкінішке орай, әлеуметтік фактордың нәтижесінде, сондай-ақ өз балаларына және олардың жас ерекшелігіне қарай болатын проблемаларға ересек адамдардың бей-жай қарап тиісті көңіл аудармауына байланысты орын алған теріс салдарын байқап отырмыз. Сондықтан отбасынан бастап кішкентай кезінде және бастауыш сыныптардан бастап балаға түсіндірме жұмыстары жүргізілу керек, - дейді ол.
Сату механизмі қалай?
Бірінші қызығушылықпен дәмін татудан басталады. Оған тәуелді болған адам, қайта тұтынады. Кейін арзан бағада сатып алып, қаржы табу үшін оны сатуға көшеді.
Ғаламторда бұл туралы ашық түрде жарнамалар толып жүр. Негізінен телеграм мессенджері арқылы құпия түрде жүргізіледі. Ал ондай чаттарға сілтеме тұрғын-үй дәліздерінде, ғимарат сыртында жасырын түрде жазылынып тұрады. Оған кірген соң белгісіз счетқа терминал арқылы ақша жіберуді өтінеді. Содан соң тауар оны жеткізушіге беріледі. Ал жеткізуші арнайы жасырын чат арқылы белгілі бір орынға оны жасырып, кейін суретке түсіріп белгілеп жібереді. Осындай тәсілмен жасөспірімдерді өз арбауына тез-ақ баулиды.
Қылмыс түбі – жаза...
ҚР Қылмыстық кодексінің 297- бабы бойынша есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізсе, мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ал кәмелет жасына толмаған есірткі тасымалдаушыларына заң шығарушы есірткі өткізгені үшін 14 жасынан бастап қылмыстық жауапкершілікті көздейтінін және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.