Жасанды ұрықтандыруға бөлінетін квота 7 есе өсті

18 Ақпан 2021, 19:30
2176
Бөлісу:
Жасанды ұрықтандыруға бөлінетін квота 7 есе өсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылдан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы басталды. Бағдарламаның мақсаты - қосалқы репродуктивті технологиялардың (ҚРТ) көмегімен отбасылық-демографиялық проблемаларды шешуге жәрдемдесу. Себебі, бала сүйе алмау - медициналық қана емес, әлеуметтік мәселе, отбасылық мәселе.

2021 жылы Медициналық сақтандыру қоры алдын ала 6,2 млрд теңге сомасына 7000 экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) циклын қаржыландыруды жоспарлап отыр. Биыл жасанды ұрықтандыру шараларын жасауға бөлінетін квота саны 2020 жылмен салыстырғанда 7 есе өсті (өткен жылы 1105 ЭКҰ қызметі көрсетілді). Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ЭКҰ бағдарламасын 2018 жылдан  қаржыландырып келеді, 2018 жылы ТМККК шеңберінде 902 цикл, 2019 жылы да  осы көлемде қаржыландырылды,  – деп хабарлады «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі.

ДДСҰ мәліметі бойынша, репродуктивті технологияны қолдану арқылы жүргізілген шаралар нәтижесінде 45-60% жағдайда әйелдер бала көтереді. Біздің елімізде ЭКҰ жүргізу тиімділігі орта есеппен 15%-дан 42% -ға дейін өсті. Бала туу (take baby home)  фактісі бойынша емдеу тиімділігінің көрсеткіші 30% деңгейінде, бұл еуропалық ең жақсы деген клиникалардың көрсеткішіне сәйкес келеді. 

Қазақстанда ЭКҰ бағдарламасына 2021 жылы бөлінген квота саны 7000-ға дейін көбейді. Бұл квота беру көрсеткіштерін кеңейтуге, оларды алу кезегінің азаюына мүмкіндік береді. Бүгінде елімізде 11030 әйел бедеулікпен есепте тұр.

Нұр-Сұлтан қаласында бедеулік бойынша есепте тұрғандар саны – 1331. Біздің отбасын жоспарлау бөлімшесі ҚРТ көрсету – ЭКҰ-ға дайындау жөніндегі ұйымдастыру-әдістемелік және үйлестіру орталығы ретінде жетекші ұйым болып табылады. Биылғы жылы елордаға 486 квота бөлінді. Әзірге 200 квота беріліп, пациенттер дайындалуда. Осы жылы бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары бұрын қаралмаған және жеке медицина орталықтарына қаралған бедеулік көрсеткіштері бар пациенттерді анықтап, белсенді жұмыс жүргізуде, - дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 қалалық көпбейінді аурухана директорының амбулаториялық қызмет жөніндегі орынбасары Сәуле Жамантайқызы Ибраева.

Өзгелердің жаңалығы