Астанада мерейтойлық Astana Media Week 2026 медиаапталығы жалғасып жатыр. Форумның бірінші күнінде қатысушылар жасанды интеллектінің медиа саласына ықпалын, цифрлық қауіпсіздік пен аудитория сенімін талқыласа, екінші күні кәсіби этика, ақпараттық саясат, отандық контентті дамыту және медиа нарықтағы жаңа мүмкіндіктерге басымдық берілді. Медиаапталықтың екінші күні қалай өткенін BAQ.KZ тілшісінің фоторепортажынан көре аласыздар.
Форумның екінші күні де Бейбітшілік және келісім сарайында журналистерді, БАҚ басшыларын, мемлекеттік органдар өкілдері мен медиа саласының сарапшыларын жинады.
«Қазақстанның ақпараттық саясатындағы жаңа қағидалар» атты сарапшылар кездесуінде қатысушылар мемлекеттік органдар мен БАҚ арасындағы байланыс, журналистердің ақпаратқа қол жеткізуі, кәсіби стандарттар және медиа саласындағы өзін-өзі реттеу мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ БАҚ-тың кәсіби жауапкершілігіне, жарияланатын ақпараттың шынайылығына және журналистердің мемлекеттік органдар өкілдерімен өзара байланысына ерекше назар аударылды.
Жасанды интеллект және жаңа мүмкіндіктер
Екінші күннің бағдарламасы ақпараттық саясат мәселелерімен ғана шектелген жоқ. Жекелеген сессияларда креативті индустрияларды, қазақстандық контентті, жарнама нарығын дамыту және жаңа цифрлық құралдарды қолдану мәселелері қарастырылды.
PR және медиа мамандары қауымдастығының төрайымы Ақерке Берлібайдың айтуынша, он жыл ішінде Astana Media Week медиа саласындағы ең өзекті мәселелерді талқылайтын дәстүрлі алаңға айналды.
Оның сөзінше, биыл цифрландыруға және жасанды интеллектіні журналистикамен қатар түрлі салада қолдануға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Ойлай алатын адамдарды жасанды интеллект ешқашан алмастырмайды, керісінше, олардың мүмкіндіктерін арттыра алады, – деп атап өтті Ақерке Берлібай.
Ол журналистерге, баспасөз хатшыларына және медиа саласындағы басқа да мамандарға жаңа технологияларды меңгеріп, оларды жұмыс барысында қолдануды үйрену қажет екенін айтты.
Қазақстандық контенттен медиа экономикасына дейін
Бағдарламадағы тағы бір тақырып жарнама медиа нарығының жаңа экономикасына арналды. Медиа компаниялар мен цифрлық платформалардың өкілдері бас қосып, заманауи жарнама құралдары мен саланы дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Бағдарламаға бизнес-аналитика, вайбкодинг және жеке медиа жобаларды дамыту үшін TikTok LIVE платформасын пайдалану бойынша шеберлік сабақтары да енгізілді.
Медиаапталық тілшілер көзімен
Astana Media Week – тек баяндамалар мен сарапшылар кездесетін алаң емес. Конференция залдарынан тыс жерде де жұмыс қыза түсті: журналистер материалдар дайындап, спикерлерден пікір алып, қатысушыларды суретке түсіріп, әріптестерімен пікір алмасты.
Сессиялар арасындағы үзілістерде іскерлік әңгімелер Бейбітшілік және келісім сарайының дәліздерінде жалғасты. Қатысушылар талқылауда айтылған ойларды ортаға салып, байланыс орнатып, алдағы ынтымақтастықты жоспарлады.
Astana Media Week 2026 медиаапталығы 14–16 қазан аралығында Астанада өтіп жатыр. Форум қазақстандық және халықаралық медиаиндустрия өкілдерін біріктірді. Іс-шара Qazaqstan Media Awards марапаттау рәсімімен аяқталады.