Жасанды интеллект діни ақпарат пен пәтуа алудың толық сенімді құралына айналған жоқ. Оның қате тұжырымдары мен дін қайраткерлерінің атынан таратылатын жалған бейнематериалдар қоғамдағы тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін. Бұл туралы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының отырысында Әл-Азһар өкілі Абдельрахман Мусса мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Спикердің айтуынша, жасанды интеллект білім мен даму үшін кең мүмкіндік ашқанымен, оны нақты этикалық және діни қағидаларсыз пайдалану адам қадір-қасиетіне, қоғамдық бірлікке және әлемдік бейбітшілікке қатер төндіреді.
Әл-Азһардың практикалық тәжірибесіне сүйене отырып, жасанды интеллект діни мәселелер бойынша сенімді ақпарат пен пәтуа ұсынатын қауіпсіз құрал бола қойған жоқ деп айта аламыз. Өйткені оның алгоритмдері деректерді ашық көздерден алады. Ал бұл мәліметтер көп жағдайда ғылыми тұрғыдан расталмаған. Соның салдарынан экстремистік пікірлер немесе қоғамдағы тұрақтылықты бұзуы мүмкін қате пәтуалар пайда болуы ықтимал, – деді ол.
Абдельрахман Мусса беделді дін қайраткерлеріне телінетін жалған мәлімдемелер мен жасанды бейнероликтердің қаупіне де тоқталды. Оның сөзінше, мұндай материалдар жұртшылықты арандату және қоғамда дүрбелең туғызу мақсатында қолданылуы мүмкін.
Сонымен бірге Әл-Азһар жасанды интеллектіні пайдалануда теңгерімді ұстанымды басшылыққа алып, оны дұрыс бағыттау мен қателерін түзетуге мән береді.
Сондай-ақ ол Әл-Азһарда жасанды интеллект бойынша пәнаралық білім беретін екі факультет ашылғанын айтты. Оның бірі ұлдарға, екіншісі қыздарға арналған. Сондай-ақ жапондық мамандандырылған платформалармен бірлесіп, Әл-Азһар жүйесіндегі орта білім беру мекемелерінің шамамен 200 мың оқушысына жасанды интеллект оқытылып жатыр.
Бұдан бөлек, мекеме діни білімге қатысты тексерілген мәліметтер базасын әзірлеп, оны ресми платформаларында қолжетімді етуге жұмыс істеп келеді. Бұл деректерді жасанды интеллект құралдары да сенімді ақпарат көзі ретінде пайдалана алады.
Осы орайда Әл-Азһар өкілі отырыста талқыланатын діни салада жасанды интеллектіні қолдану жөніндегі этикалық хартия бастамасын қолдайтынын жеткізді.
Бұл – технологияның адамға қызмет етуін, оның қадір-қасиеті мен ар-ожданын қорғауын қамтамасыз ететін қағидаларды орнықтыруға бағытталған маңызды қадам. Технология адамның орнын басатын немесе оған үстемдік жүргізіп, оны бақылауға алатын құралға айналмауға тиіс, – деді Абдельрахман Мусса.
Сөз соңында Абдельрахман Мусса Әл-Азһардың бас имамы Ахмед ат-Тайебтің 2022 жылы Астанада өткен VII съезде көтерген бастамасын еске салды. Онда саяси шешім қабылдаушылар мен халықаралық ұйымдар жанынан этикалық, діни және гуманитарлық мәселелерді ескеретін арнайы кеңсе құру ұсынылған. Оның пікірінше, адам өміріне әсер ететін маңызды шешімдер қабылданар алдында осы өлшемдерді ескеру қажеттілігі қазір бұрынғыдан да арта түскен.