Жасанды интеллект нарығы өзгерді: ChatGPT-ді кім ығыстырып жатыр?

Жасанды интеллект саласындағы әлемдік бәсеке жаңа кезеңге өтті.

 Жасанды интеллект Кеше 2026, 17:00
Кеше 2026, 17:00
340
Фото: Жасанды интеллект

Егер бірнеше жыл бұрын ChatGPT бүкіл нарықты жалғыз өзі өзгертіп жатқандай көрінсе, қазір жағдай мүлде басқаша. OpenAI-ға қарсы Google, Anthropic, xAI және Қытайдың DeepSeek, Qwen секілді компаниялары толық күшпен кірісті. Сарапшылар мұны “AI-дың геосаяси дәуірі” деп сипаттай бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

LLM модельдерінің нарығында не өзгерді? 

Сәуір-мамыр айларында жарияланған халықаралық benchmark рейтингтері мен сараптамалық платформалардың бағалауына сүйенсек, әлемдегі ең қуатты LLM модельдері арасындағы айырмашылық айтарлықтай қысқарған. Бұрын OpenAI айқын көшбасшы саналса, қазір бірнеше компания бір-біріне өте жақын нәтиже көрсетіп жатыр.  

OpenAI жасаған GPT-5.5 пен GPT-5.4 Pro модельдері reasoning, multimodal және күрделі аналитикалық тапсырмалар бойынша әлі де жоғары бағаланады. Бірақ бұрынғыдай абсолютті басымдық байқалмайды. Google DeepMind әзірлеген Gemini 3.1 Pro соңғы айларда coding, агенттік жүйелер және үлкен көлемдегі контекстпен жұмыс істеу бағытында қатты күшейді. Кей coding benchmark рейтингтерінде Gemini OpenAI жүйелерінен озып кеткені туралы мәліметтер де жарияланды. 

Anthropic компаниясының Claude Opus 4.7 моделі де developer қауымдастығында ерекше талқыланып жатыр. Оны көпшілік “адамша ойлайтын AI” деп атай бастады. Әсіресе ұзақ мәтін талдауында, стратегия жасауда және күрделі аналитикалық жауаптарда Claude-тың мүмкіндігі жоғары бағалануда.  Ал 2026 жылғы ең үлкен өзгерістің бірі – Қытай модельдерінің күрт күшеюі болды.

DeepSeek-V4, Qwen, Kimi және GLM секілді жүйелер халықаралық рейтингтерде жоғары орындарға шығып, Батыс компанияларына нақты бәсекелеске айналды. Әсіресе DeepSeek-V4 төңірегіндегі талқылау өте көп. Себебі бұл модель салыстырмалы түрде арзан болғанымен, кей benchmark нәтижелерінде OpenAI мен Google жүйелеріне өте жақын көрсеткіш берген.

Сарапшылар мұны ЖИ индустриясындағы “Sputnik moment” деп сипаттай бастады. Яғни Қытайдың AI саласындағы прогресі Батыс технологиялық компанияларын алаңдата бастаған. 

IT сарапшысы, Data Analyst / Data Engineer, үлкен деректер саласының маманы Нұржол Табиғаттың пікірінше, қазір әлем елдерінің өз платформаларын дамытуға бет бұруы да осы технологиялық жарыспен тікелей байланысты.

Бұл үрдісті жоққа шығара алмаймыз. Өйткені әр елдің заңы мен белгілі бір шеңбер аясында талаптары бар. Әр елдің желі платформаларының жер мен көктей айырмашылығы мен қайшылықтарын байқаймыз. Сондықтан мемлекет өз ішінде жеке сервистерді дамытқаны дұрыс. Себебі шетелдік желілер кейде тікелей, кейде жанама түрде қиындық туғызуы мүмкін, – дейді сарапшы. 

Оның айтуынша, Қазақстанда да соңғы уақытта Aitu платформасы жиі талқыланып жүр. Бірақ қолданушылар үшін ең маңызды фактор – ыңғайлылық.

Азаматтар ең алдымен қолдану ыңғайлығын қарайды. Екіншісі – сенімділігі, үшіншісі – аудиториясы. Егер осы үш сұрақ толыққанды қанағаттандырса ғана, адам платформаны тұрақты қолданады. Болмаса тек керек кезінде кіреді. Мысалы, менің айналам қандай мессенджерге көшсе, мен де автоматты түрде соған бет бұрамын. Тек мемлекеттік қолдау жеткіліксіз болуы мүмкін. Оның жергілікті бизнеске бейімделуі де маңызды, – дейді Нұржол Табиғат. 

Сарапшының пікірінше, шетелдік платформалардың негізгі артықшылығы – аудитория сұранысын жылдам зерттеп, соған бейімделе алуында.

Платформаның тартымдылығы кейде қарапайым күнделікті қажеттіліктен басталады. Шетелдік платформалар қолданушылардың сұранысын бірден сараптап, соны қамтуға тырысады, – дейді ол. 

Маманның айтуынша, LLM модельдерінің көбеюі енді нарықты түбегейлі өзгертті.

Соңғы жылдары LLM модельдері айтарлықтай көбейді және олардың әрқайсысы әртүрлі тапсырмада мықты нәтиже береді. Сол себепті тәжірибелі маман бәрін қолданып, мықты тұстарынан нәтиже шығарады. Қазір бір ғана модельге байланып қалу дұрыс емес, – дейді Нұржол Табиғат. 

Одан әрі IT маманының айтуынша, жасанды интеллект бұрынғыдай жай чат-бот деңгейінен әлдеқашан өтіп кеткен.

Қазір ЖИ модельдері тапсырмаларды өздігінен орындайды. Көптеген компания қызметкерлер санын қысқартып, кей жауапты жұмысты жасанды интеллектке сеніп тапсыра бастады. Болашақта олар код жазып, презентация дайындап, кей шешімдерді өздігінен қабылдайтын деңгейге жетеді. Әзірше бәрі адамның бақылауында және көмекші құрал ретінде жұмыс істейді. Бірақ уақыт өте келе ЖИ бейімделіп, дербес шешім қабылдауға жақындай түседі деп ойлаймын, – дейді сарапшы. 

Қазір AI нарығында нақты бір ғана лидер жоқ. OpenAI әмбебап жүйелерімен алда болса, Google coding пен агенттік жүйелерде күшейіп жатыр. Anthropic аналитикалық бағытта ерекшеленсе, DeepSeek тиімділік жағынан назар аудартуда. Ал open-source нарығында Qwen мен Llama ықпалын күшейтіп келеді.  

Сарапшылардың пікірінше, ендігі үлкен бәсеке модель сапасында емес, экожүйе үшін жүреді. Яғни кімнің жасанды интеллекті смартфонға, іздеу жүйесіне, мемлекеттік қызметке, білім беру мен бизнеске көбірек интеграцияланса, сол компания технологиялық жарыста басымдық алуы мүмкін.

Наверх