Жасанды интеллект стартаптарды алдын ала бағалауға көмектескенімен, инвестиция салу туралы түпкілікті шешім қабылдауда кәсіпкермен тікелей қарым-қатынас орнату маңызды. Бұл туралы Park Ventures компаниясының басқарушы директоры Далерхан Нодиев елордада өтіп жатқан Digital Bridge-де айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, қордың ең сәтті инвестициялық мәмілелері жасанды интеллект немесе электронды платформалар арқылы емес, стартап негізін қалаушылармен жеке кездесулер нәтижесінде жүзеге асқан.
Біздің ең сәтті инвестициялық мәмілелеріміздің ешқайсысы электронды платформалар арқылы жасалған жоқ. Оларға стартап негізін қалаушылармен немесе команда мүшелерімен тікелей қарым-қатынас орнату арқылы қол жеткіздік. Дәл осындай кездесулерде жобалар туралы презентациялар мен питчтерде көрсетілмейтін маңызды ақпаратты білуге болады, – деді ол.
Спикердің пікірінше, жасанды интеллект инвестициялық қор қызметкерлеріне көмекші құрал бола алады. Атап айтқанда, ол стартаптарды бастапқы кезеңде зерттеп, алдын ала талдау жүргізуге мүмкіндік береді. Алайда инвестиция салу туралы соңғы шешімді қордың мамандары мен серіктестері қабылдауы керек.
Қазір кез келген стартаптың презентациясын тартымды етіп жасауға болады. Тіпті көрсеткіштерді де әдемілеп ұсынуға мүмкіндік бар. Мәселен, нақты KPI көрсеткіштерінің орнына GMV көрсетілуі мүмкін. Ал кәсіпкермен тікелей сөйлескенде жоба туралы әлдеқайда көбірек ақпарат аласың, – деді Далерхан Нодиев.
Оның айтуынша, жасанды интеллект әзірге кәсіпкердің өз жобасына қаншалықты берілгенін және оны дамытуға қаншалықты мүдделі екенін толық бағалай алмайды. Сондықтан инвестициялық шешім қабылдауда адам факторы мен жеке қарым-қатынастың маңызы сақталады.