Жас ұстаздың төрт жылдық толағай табысы

5 Қазан 2019, 09:23
5696
Бөлісу:
Жас ұстаздың төрт жылдық толағай табысы
PHOTO

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Оның еңбек өтілі – төрт-ақ жыл. Алайда, қаншама облыстық, республикалық байқауларға қатысқанын, жеткен жетістіктерін санамаласаң, соның бәріне қалай үлгерген деп таңғаласың. Білім мен тәрбие саласы өз алдына, ол өнер мен спорттан да қара жаяу емес. Біз Әулиекөл ауданы орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің директор орынбасары Нұрымжан Милақатов туралы айтып отырмыз. 

Нұрымжан – география пәнінің мұғалімі. Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын бітірісімен Әулиекөлге «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы барған. Сол жерден баспана, жары Альбина екеуіне көтерме қаржы берілді.

«Жұбайым екеуміз Арқалық қаласында танысқанбыз. Ол – Орал жақтың тумасы. Әулиекөлге ең бірінші өзім келіп орналастым. Ұнады. Бір жылдан соң, оқуын аяқтап Альбина да келді. Қазір жас мамандарға қолдау көп. Соны сезініп жатқан жайымыз бар», - дейді Нұрымжан.

Нұрымжан.jpeg

Жалынды жастың еңбекке деген ынтасы бағаланып, биылдан бастап мектеп директорының орынбасары қызметіне тағайындалды.

Ізденімпіз, жан-жақты маман осы уақытқа дейін түрлі деңгейдегі жиырмадан артық дипломмен, оннан астам грамотамен, сондай-ақ, тағы осынша алғыс хатпен марапатталған.

Ең үздік жетістіктерінің бірі – биыл Шымкент қаласында «Заманауи оқыту әдістері» атты ХІ халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында өткен байқауда алған бас жүлдесі. Жас мұғалім тынымсыз еңбегінің арқасында автокөлік мініп қайтты. 

«Конференция аясында ұйымдастырылған «Ең үздік эссе», «Ең үздік мақала», «Ең үздік портфолио» байқауларына жұбайым екеуміз қатысып келдік. Онда республиканың түкпір-түкпірінен 150-дей мұғалім бақ сынасты. Сол байқауда бас жүлдегер атанып, елге автокөлік мініп оралдым. Қуанышымды сөзбен айтым жеткізе алмаймын. Автокөлік кілті табысталып жатқанда не түсім, не өңім екенін білмедім. Ұйымдастырушы «Халықаралық экология, инженерия және педагогикалық ғылымдар академиясы» қоғамдық қоры 1997 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Осымен үшінші жыл қатарынан бәйгеге автокөлік тігіпті. Үшінші көлік бізге бұйырды. Қор директоры Талғат Төремұратовқа отбасымыздың атынан алғыс білдіреміз. Мұғалімдерді қолдап, еңбегімізді бағалағаны үшін. Бұл ұйым жастарға көптеген мүмкіндік ұсынып отыр. Ғылыми жұмыспен айналысатын, олимпиадаларда үздік нәтижеге жеткен оқушылар академияның түрлі сайыстары арқылы шетелдік оқу орындарына грант ұтып ала алады. Сонымен қоса, магистратура оқимын дегендерге, біз секілді жас мамандарға да қолдау білдіруге әзір», - дейді ізденімпаз жас.

Бұл Нұрымжанның халықаралық деңгейдегі бірінші жүлдесі емес. 2017-2018 оқу жылында Халықаралық «ПОНИ» конкурсында жүлдегер атанған. Сонымен қатар, Ресей Федерациясының Санк-Петербург қаласында «Жаңа технология және педагогикалық тәжірибе» деген V халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы шеңберінде өткен жарыста ІІІ орын иеленген.

Республикалық сайыстарда да бағы жанып жүр. 2017 жылы Көкшетау қаласында «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» атты жас педагогтардың байқауында ІІ орын қанжығалап, Бурабайға екі апталық жолдама ұтып алды. Одан бөлек, «Үздік сынып жетекшісі» атты ұстаздар олимпиадасына қатысып, үздік үштіктен көрінді. «Мұғалім көшбасшылығы» тақырыбында ұйымдастырылған республикалық олимпиадада топ жарғаны бар. Ал, облыстық конкурстардан алған жүлдесін санап бітпейсің.

Ол мектеп командасымен бірге ауданда өткізілген спорттық жарыстарда да жетістіктерге жетіп жүр. Мәселен, былтыр білім қызметкерлері арасында волейбол ойынында екінші орынды еншіледі.

«Жалпы, жарыс деген жас мұғалімдер үшін өте керек. Бізге шабыт беріп, жұмысымызды көрсетуге мүмкіндік сыйлайды. Жарыстарға жиі қатысуымның тағы бір себебі – үнемі ізденісте жүруге себеп», - деп түсіндірді ол тынымсыз еңбегінің қыр-сырын.

Қазан айының 17-18 күндері Нұр-Сұлтан қаласында «Білім көшбасшысы» деген тақырыппен тағы бір байқау өткелі жатыр. Нұрымжан жұбайы Альбина екеуі қазір сол жарысқа қызу дайындық үстінде. 

Нұрымжан1.jpeg

«Онда да бас жүлдеге автокөлік тігілген, содан үміттіміз», - деп күледі жалынды ұлан.

Оның жеңісті жолын оқушылары жалғап келеді. Аудандық олимпиадаларды есепке алмағанда, шәкірттерінің облыстық, республикалық, халықаралық білім додаларында алған алпысқа тарта жүлдесі бар. Бұл – төрт жылдық еңбек үшін үлкен жетістік екенін тағы бір астын сызып айта кеткен жөн.

Аружан Әлденова, Камила Қажымұратова, Ерасыл Серік, Аружан Ерәділова есімді оқушылары халықаралық пәндік олимпиадаларда үздік нәтиже көрсетіп жүр. Сондай-ақ, Бейбарыс Балтабаев, Әлішер Төлеутай, Ділназ Бөкейханова, Қымбат Аманболғанова және т.б. шәкірттері республикалық жарыстарда білімдерін дәлелдей білді.

Өзгелердің жаңалығы