Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Бүкілармиялық кеңес отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тағы бір маңызды міндет – жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу. Елімізде 9 мыңға жуық әскери-патриоттық ұйым жұмыс істейді. Сол ұйымдардың қатарында 260 мыңнан астам жасөспірім бар. «Жас сарбаз» қозғалысының аясында 400 «Смарт сарбаз» үйірмесі ашылды. Бұл үйірмелерге 6 мыңға жуық жас жеткіншек қатысады. Өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық рухын көтеруге баса мән беру қажет. Бауыржан Момышұлы «Ешкім батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді, өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген. Біз батырларымыздың ерлігін үнемі дәріптеп отыруымыз қажет. Осыған орай әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеу керек. Сондай-ақ «Жас сарбаз» қозғалысын дамытып, оны ұлттық деңгейге көтерген жөн, - деді Тоқаев.
Президент алаңсыз өмір сүруі үшін әскери қызметшілер міндетін мүлтіксіз атқаруы керек екенін айтты.
Қорғаныс және қауіпсіздік саласы елімізді тұрақты дамыту ісінде айрықша маңызды рөл атқарады. Айбынды армия – қасиетті жерімізді және елімізді қорғайтын сенімді қалқан. Халқымыз алаңсыз өмір сүруі үшін әскери қызметшілер өз міндетін мүлтіксіз атқаруы керек. Мен Отан күзетіндегі әрбір жауынгеріміз антына адал болады деп сенемін, - деді ол.