Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Сарыарқа» ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде 26 жастағы күдіктіні ұстады, деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
Тергеу барысында ұсталған азаматтың көршісімен пәтер жалдап тұрып, оның жоқтығын пайдаланып, алтын бұйымдарын ұрлағаны анықталды. Жәбірленушіге тиесілі жалпы құны 120 мың теңге болатын сырға, алқа мен сақинаны қаскүнем ұрлап елордадағы ломбардтардың біріне сатып жіберген.
Ұсталған азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Ұсталған азамат кінәсін мойындады, заттай айғақ тәркіленді. Оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті сақ болуды, бағалы заттарды қараусыз қалдырмауды, бейтаныс адамдарға сенбеуді ЕСКЕРТЕДІ.
Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласының полициясы азаматтарға көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатып алу немесе өткізу ҚР ҚК 196-бабында көзделген қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады.