Жас футболшы еуропалық жастар мен қаракөздеріміздің ойынын салыстырды

18 Тамыз 2022, 19:00
2805
Бөлісу:
Жас футболшы еуропалық жастар мен қаракөздеріміздің ойынын салыстырды

Қазақстандық жас футболшы Жігерлен Қаршыға испаниялық «Ка́дис» клубының академиясына бір жылға жолдама алған. Енді кәсіби манбасын еуропалық белді клубтармен жалғастыруды көздейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ол футболшы болғысы келетін өзі секілді жастарға арнап бірнеше кеңес айтты. Өзімен бірге жаттыққан шетел жасөспірімдерінің ерекшелігін атады. Айтары бар ойыншымен сұхбат құрған едік. 

Футбол әлеміне қашан келдіңіз? Испанияға жолдамаңыз туралы айтасаңыз... 

Футболға бала кезімнен қызығамын. 11 жасымда Атыраудың «2002» атты спорт орталығында футболға қатыстым. Сонда 3 жылдай жаттықтым. 9-сыныпты аяқтағаннан кейін Алматыға оқуға келдім. Кәсіптік оқуды теміржол саласында жалғастырдым.  Алматыдағы бұрынғы атауы «Арсенал» , қазіргі «Нархоз» деп аталатын клубта жаттыға бастадым. Ол жерде жаттықтырушым мен ортам өте жақсы болды. Алаңдағы ойыным жақсарды. 2020 жылы пандемия кезінде футболды қоя тұрып, туған өлкеме бара тұруға мәжбүр болдым. 

Оқуға түскен жылы «Қайраттың» филиалына барып, бағымды сынап көргенмін. Өкінішке қарай, ол жердегі іріктеуден өте алмай қалдым. Ол кезде ойыным дұрыс шықпай қалды. Бірақ Алматыда көп нәрсе үйрендім. Менің алаңдағы ойынымды қалыптастырған алматылық клуб деп сенімді айта аламын. 

Испанияға іріктеу болып жатқанын әлеуметтік желіден байқап қалдым. Онда испаниялық Next Stars академиясы қазақстандық балаларды Шымкент қаласына іріктеуге шақырып жатыр екен. Шымкентке барып, сыннан сәтті өтіп, осы жылы 25 сәуірде Испанияға баратын болдым. Сөйтіп, бір ай Испаниядағы жаттығу жиынына қатыстым. Ол уақытта өзімді жақсы қырымнан көрсете білдім. Елімізге оралғаннан кейін маған испаниялық академиядан 1 жылға шақырту келді.

Алаңда ойнайтын позицияңыз қандай? Ел футболы туралы ойыңызбен бөлісе кетсеңіз? 

Мен жасыл алаңда шабуылшы болып ойнаймын. Қазір өз деңгейіме көңілім толады. Испанияға мені бір маусымға шақырды. Ол жаққа барғандағы басты мақсатым – клубпен келісімшартқа отыру. Егер келісімге келсем, әрі қарай кәсіби мансабым басталары сөзсіз. Өз басым еуропалық клубтарда өнер көрсеткім келеді. Яғни, әлемдік топ-5 лиганың бірінде доп тепсем деймін. Бойымдағы бар қасиеттерді айтар болсам, менде жылдамдық пен техникам жақсы деп ойлаймын. 

Ел футболы соңғы жылдары дамып жатыр. Бірақ сонда да бірдеңе жетпейтін сияқты болып тұрады. Қазақстанның футболында легионерлер көп, оларға жалақысын да жоғары төлейді. Өзіміздің қаракөздеріміз легионерлердің көлеңкесінде қалып  жатқан жайы бар. Болғанның өзінде ана тілін ұмытып қалғандар көп. Егер кәсіби деңгейге көтерілсем, әрине, ана тілімді бірінші орынға қоямын. 

Испаниядағы іріктеу қалай өтті? Біздің жастар мен футболы өркендеген елдің жастарының ойынында айырмашылық бар дедіңіз. Ол қандай? Біздің бойымызда не жоқ? Не жетіспейді? 

Жалпы, біз Қазақстаннан екі топ болып 20 шақты бала бардық. Испаниядағы іріктеуде әртүрлі елдің жас футболшылары болды. Жасырмаймын, басында жаттығуға ілесу қиын болды.  Менен өзгелердің деңгейі мықтырақ болды. Еуропалық академияда жаттыққан балалардың бізден айырмашылығы жермен-көктей десем болады. Олардың бойларынан шыдамдылықты, өте керемет жылдамдықты байқадым. Бәрінде өзіне деген үлкен сенім бар. Уақыт өте келе, деңгейім біршама өсті. Жаттығу кезінде үздіктерге қарап үйренуге тырыстым. Айдың соңына қарай испандық ойыншылармен матч өткіздік. Сол матчта өзімді жақсы көрсеттім. 

Менің ойымша, біздің футболшы болам деген жастарымызға көп армандау керек. Жай ғана емес, әлемдік деңгейде армандап, мақсат құру керек. Мысалы, «елімізді әлемге танытамын» дегендей. Көбінен байқайтыным, мақсаттары шектеулі, кеңінен ойлағысы келмейді. Еліміздің ішінде өнер көрсетсем болды деп жүреді. Ойларын ашып, өздеріне жоғары талап қойса дейімін. Тіпті шетелдік жасөспірімдің жаттығу алдындағы күтімі де ерекше. Мәселен, ойын не жаттығу алдында газдалған су ішпейді арнайы жеңіл тамақтанады. 

Мәселен, менімен қатар жаттығып жүрген жапон баласын алып қарайық. Біздің мықты жастарымызбен салыстырғанның өзінде жапон баласы мығым келеді. Неге десеңіз, алаңда аяғына допты жапсырып алғандай допқа иелік етеді. Қарсыласынан алданып қалғанның өзінде ашық жерге әдемі пасс беріп жібереді. Бастысы, соңына дейін ойнайды. Әр матчта ақылды әрі өзіне өте сенімді ойын өрнегін көрсетуге тырысады. Біздің балалар тез мақтанып, дандайсып кететін сияқты көрінеді, әрине бүкілі ондай емес. Мұның бәрі академияның бапкерлеріне де байланысты болуы мүмкін. Тағы бір ерекшелік, ол жақта алаңда көп алдауға болмайды. Көбіне ойын пасқа негізделеді. Оған сай тактика құрылады. Матчта жасаған қателігіңді бапкер міндетті түрде айтады. Жаттығуда қатемен жұмыс тыңғылықты жасалады. 

Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! 

Өзгелердің жаңалығы