Жас фермер Астанада алма өсірмек

23 Қаңтар 2019, 11:55
6006
Бөлісу:
Жас фермер Астанада алма өсірмек

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Нұр әлем» көрме кешенінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жастар жылы салтанатты түрде ашылды.

 «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атаумен өтіп жатқан салтанатты шараға бас қосқан белсенді жастардың бірі Тамила Розметова Астанада алма бағын отырғызатынын айтты.


Аграрлық сала өкілі Тамила Розметова, 27 жаста. 2013 жылдан бері еліміздегі ең үлкен ешкі фермасын басқарады.  20 жуық сүт өнімдерін сатылымға шығарады. Ауыл шарушалығымен қатар қоғамдық іс-шараларға да белсенді араласады. «Нұр Отан» партиясы, ҚХА мүшесі. 

«Мен 27-демін. Фермермін. 5 жылдан бері ешкі фермасын басқарамын. Бұл зауыт Альпі ешкілерінің сүт өнімдерін шығару мен өңдеумен айналысады. Біздің фермамызда мыңдаған ешкі бар. 15-тен астам сүт өнімін экспортқа шығарамыз. Менің хоббиім – ірімшік қайнату. Әртүрлі ірімшік түрлерін ойлап табамын. Туған жеріме арнап «Атырау ірімшігін» шығардым. Бұл Жолдауыңызда айтқандай қауіпсіз өнім. Ұжымда 80-нен астам адам бар. Көпшілігі жастар. Біз жас болсақ та, көп нәрсеге қол жеткіздік», - деді Розметова.

Ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылып жатқан «Ауыл –  ел бесігі» арнайы жоба ауыл жастарына арналған нағыз әлеуметтік лифт екенін атап өтті. 

«Біздің жеріміз – мүмкіндіктер мұхиты, бұл – үлкен еңбек нарығы. Бұл жерде жастар жұмыс тауып, болашағын құра алады. Жер маған бәрін үйретті, мүмкіндік берді. Сіздің тапсырмаңызбен жастарға көмектесетін, болашағын құруға мүмкіндік беретін көптеген бағдарлама іске қосылды. Мен әрдайым жас кәсіпкерлерге бір істі бастамас бұрын ең алдымен заңымызды, бағдарламаларымызды жақсылап зерттеп алуды, онда жеңілдіктер, бизнеске барлық жағдай жасалғанын айтамын. Қазақстан алманың отаны екенін сіздің «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаңыздан білдім. Бүгінде мұны Атырауда жалғастырып жатырмыз. Жастар жылында ҚХА жанындағы жастар қозғалысы нақты жобаларды қолдағымыз келеді. Көктемде Астанада алма отырғызуды бастаймыз. 4 түрлі алма сортын алдық. Астанадан жер бөлуді сұраймыз», - деді фермер.

Нұрсұлтан Назарбаев жиында Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов отырғанын, бұл бастаманы жазып алатынын айтты.

Назерке Абибулла


Өзгелердің жаңалығы