Жас депутат Әділет министріне жеке сот орындаушыларының қызметіне қатысты ұсыныс айтты

28 Наурыз 2022, 12:03
1760
Бөлісу:
Жас депутат Әділет министріне жеке сот орындаушыларының қызметіне қатысты ұсыныс айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Палата депутаты Мәди Ахметов Әділет министрі Қанат Мусинге жеке сот орындаушыларының қызметіне қатысты ұсыныс айтып, сұрақ қойды.

Депутат шетелдік тәжірибені мысалға келтірді.

Көршілес мемлекеттерде сот приставтарының екі түрі бар. Орындаумен айналысатын сот пристав-орындаушы және сот актілерін орындауда күштік қолдау көрсететін әрі сотта қауіпсіздікті қамтамасыз ететін сот приставы. Бұл елдерде сот приставтарының қызметі кең функцияларға ие. Елімізде жыл сайын мемлекеттік сот орындаушылардың саны қысқарып келеді. Осыған байланысты мемлекеттік сот орындаушылардың босаған штат орындары есебінен Әділет министрлігі жанынан сот актілерін орындауда жәрдемдесу мен күштік қолдау бойынша жоғарыда аталған функциялардың бір бөлігін өздеріне алатын сот приставтары қызметін ашу мәселесі қарастырылып жатыр ма? – деп сұрады жас депутат Мәди Ахметов Әділет министрлігі басшысынан.

Әділет министрі Қанат Мусин бұл өте күрделі мәселе екенін атап өтті.

Өйткені 2010 жылы сот шешімдерін орындау моделінен қазіргі жеке сот орындаушылар моделіне көштік. Ресейде заң басқаша. Ол жақта жеке сот орындаушылардың қызметі жоқ. Сот шешімдері Федералдық сот приставтарының қызметі арқылы орындалады. Бұл мемлекеттік орган болғандықтан оған заңмен күш қолданатын да құқығы бар. Бізде жеке сот орындаушыларында күш қолданудан бөлек, протоколды да жасауға құқығы жоқ. Сол себепті бұл мәселені қарау керек, - деп жауап берді министр.

Өзгелердің жаңалығы