Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жарыққа жарымаған тұрғындар шу шығарды

31 Шілде 2025, 17:34
873
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Атырау қаласы Авангард ықшам ауданындағы 18-үйдің тұрғындары жарыққа жарымай отыр. Электр энергиясының күнде сөнгенінен әбден мезі болған жұрт жиналып, шенділерге талаптарын тізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Авангард 4 ықшам ауданындағы № 18 үйдің тұрғындары жаз басталса жарықтың жиі сөнгенінен мезі болып, қиындық көреді. Электр энергиясы сөнгесін ыстыққа әрең шыдап, тұрмыстық техникалар бірінен соң бірі күйеді екен. Сатып алған тамақтың бәрі бұзылып, лақтыруға мәжбүр боламыз деп отыр. 

Мен бұл үйде 10 жылдан бері тұрып жатырмын. Жылда көретініміз осы. Жағдайымыз нашар. Өзім зейнеткермін.Тоңазытқыш та, желдеткіш те, кір жуатын машина да бәрі дұрыс істемейді. Қоса алмаймыз ешқайсысын. Қиналып отырмыз. КСК-ға талай бардым. Ешқайсысы жұмыс істемейді. Ауланы сыпырып жүретін жалғыз адам бар. Одан басқа тірі жанды көрмейміз. Бізге мына жарық мәселесін шешіп берсін, - дейді қала тұрғыны Роза Миралиева. 

Жарықтан бөлек көпқабатты үйдің шатырынан су сорғалап тұратын көрінеді. Оны да реттеп беруін талап еткеніне көп уақыт болған. Тұрғындар жиналған жерге Қалалық ТҮКШ бөлімінің мамандары келді. Олар мәселеден хабардар екендерін айтады. Трансформатордан үйге кіретін әуе электр желісінің иесі жоқ деп отыр. Ешкімнің теңгерімінде жоқ желі қараусыз қалған. Бірақ жақын арада мәселені шешеміз деп уәде берді. 

Трансформатордан үйге кіретін кабельді 4|70 СИП кабельге ауыстырамыз. Қазір ол жұмыстың бәрі қала әкімінің тапсырмасына сәйкес жүріп жатыр. Демеушілік негізде жасалып жатыр қазіргі уақытта. Аталған жұмыстар апта соңына дейін бітеді, - дейді Қалалық ТҮКШ және тұрғын-үй инспекциясының сектор меңгерушісі Ж.Хамзаев. 

Жауаптылардың сөзіне сенсек бұл проблема алдағы аптада реттеледі. 
 

Өзгелердің жаңалығы