500 мың қазақстандық салық рақымшылығы аясында қарызын төледі

26 Қараша 2020, 14:20
2209
Бөлісу:
500 мың қазақстандық салық рақымшылығы аясында қарызын төледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осы жылдың 20 қарашасындағы жағдай бойынша 513 мың жеке тұлға салық рақымшылығы мүмкіндіктерін қолданды. Олар 6,9 млрд теңге көлеміндегі берешектерін өтеді, ал 772,7 млн теңгеге жуық өсімпұл есептен шығарылды.

Көлік салығы бойынша өсімпұлдарды есептен шығарудың көшбасшылары Алматы қаласының тұрғындары болып табылады, олар 1,2 миллиард теңге қарыздарын төледі, 117,8 млн теңге көлеміндегі өсімпұл есептен шығарылды. 

Жер салығы бойынша 63,6 млн теңге қарызын төлеген Шымкент қаласының тұрғындары 7,2 млн теңге өсімпұл төлеуден босатылды.

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мүлік салығы бойынша өсімпұлдарды есептен шығару көрсеткішінде рейтингтің көшін бастады. Олардың өсімпұл бойынша берешегі 10,3 млн теңгені құрады. Бұл тұрғындар 59,3 млн теңге негізгі қарыздарын төледі. Естеріңізге сала кетейік, өсімпұлдарды есептен шығару акциясы басталған кезде 1,5 млн жеке тұлға бойынша жалпы қарыз 26,3 млрд теңгені құрады, оның ішінде негізгі қарыз сомасы 21,8 млрд теңге, өсімпұл 4,5 млрд теңге, - деді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті.

МКК жыл соңына дейін салықтар бойынша негізгі қарызды төлеген жағдайда өсімпұлды есептен шығару бойынша рақымшылық қолданылатынын еске салады. Салықтық рақымшылық жүргізу мерзімі-2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін.

Өсімпұлды есептен шығару үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Қарыздың негізгі сомасын төлеу жеткілікті. Өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады. Мемлекеттік кірістер органдарының барлық аумақтық бөлімшелерінде өсімпұлдарды есептен шығару жөніндегі комиссиялар құрылды. Салықтар бойынша берешектің бар/жоқ екендігі туралы мәліметтерді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында немесе арнайы мобильді қосымша арқылы тексеруге болады, - делінген ақпаратта.




Өзгелердің жаңалығы