Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Халид Айдархановтың көрсетуімен Қояндыға жетіп, Айтмұхамбет Омаров ақсақалдың ақжайма дастарханы мен ақеділ көңіліне кенелген салт аттылар 21 маусым таңын сергек қарсы алды. Айтмұқамбет ақсақал өте ширақ, ауылды аузына қаратқан аузы дуалы, сөзі уәлі адам екен.
Бізге арғы-бергіден әңгіме айтып, жер тарихынан, ел тарихынан шежіре тарқатты.
Қоянды жәрмеңкесі Қазақстан өңіріндегі халықаралық деңгейге жеткен санаулы сауда орындарының бірі. Қытай, Ресей, тіпті Жапониядан да сауда керуендері келген деген дерек бар.
Бас-аяғы 55 шақырымды алған сауда базарында бір жолда миллионға жуық мал сатылып отырған.
Сауданың сонша қызуына Қоянды өлкесінің Қазақстанның тура орталығында орналасуы және Жібек жолы бойына жақын орналасуы себеп болды.
Сол кезде Ресейдің қаржы министрлігі Қоянды жәрмеңкесінде Мемлекеттік банк бөлімшесінің ғимаратын салдырды. Сауда қатарларының аяқ жағында шенеуніктер орны деп аталатын квартал орналасты. Онда Мемлекеттік банк бөлімшесі, пошта-телеграф кеңсесі салынды. Қарқаралы уезі бастығына, бітістіруші судьяға, мал дәрігерлерімен адам дәрігерлеріне, сондай-ақ полиция бөлімшесі болды.
Қазір жәрмеңке орнында Қоянды аталатын ауыл бар. Ал жәрмеңкеден қалған жәдігер — жергілікті жұрт «Қойма» атап кеткен құлаған ғимарат қана қалған.
82 жыл бойы (1848-1930) дүркіреген дала саудасынан қалған көзді кейінгі ұрпақ ит талаған тулақтай етіпті.
Қабырғаларының қалыңдығы бір метрге таяитын құрылысқа сол кездегі патша үкіметі ең берік материалдарды пайдаланғаны көрініп тұр.
Бұның есігін бертінге дейін ешкім сындыра алмады. Құрылысы қандай үлкен, берік болса, есігі де айтақалсын еді. Сол кездің өзінде топсаларын құйып жасаған екен. Дәнекермен қиып, темірге өткізіп құртты, — дейді ауыл ақсақалы Айтмұқамбет ақсақал.
Ақсақалы айтса, айтқандай қираған құрылыс бір кезде өзінің осы өңірдің, осы елдің бар байлығын сақтап тұрған қамал болғанын дәлелдегісі келгендей, әлі де маңғаз.
Бұл қоймаға сол кезде жәрмеңкенің бүкіл байлығы сақталған. Жазда сауда қызғанымен, қыста бұл өңірге аяқ басу мүмкін болмайды. Себебі қар қалың түседі. Сонда жәрмеңкеге керек-жарақтың бәрін осы қоймаға қойып, есігін жауып кетеді екен. Мынадай қабырғаны бұзуға ешбір ұрының дәті жетпейді, ал есігін бұзу туралы ойламаса да болады.
Сөйткен жәрменкенің жұртында қираған қоймадан басқа түк жоқ. Ғасырға жуық уақыт дәуірлеген тарихи оқиғаның өткен жерін туристік орын, насихат мекені ретінде дәріптеуге не кедергі?!
Жалпы біздің халықтың санасында бұл болашақ тарихи орын болады деген түсінік қалыптаспаған. Сонымен қатар халық басына түскен түрлі әлеуметтік жағдайлар ертеңгі тарихты ойлауға, соны сақтап қалуға мүмкіндік бермеген сыңайлы.
Салт аттылар жәрмеңке жұртынан Талды стансасына (Бүркітті ауылына) жолға шықты. Халид Айдарханов эстафетаны Қоянды ауылының тұрғыны, жылқышы Амангелдіге табыстады. Біз жолға шығып кеттік.
Естеріңізге сала кетейік Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Бозоқ-Жидебай бағытындағы 1000 шақырымдық тарихи сапардың бас ақпараттық демеушісі BAQ.KZ ақпарат агенттігі.