Айлығы арестте, жәрдемақысы бұғатта: ЧСИ жүйесіндегі мәселе неде? - заңгер түсіндірді

Жеке сот орындаушысы жәрдемақыны бұғаттаса, ақшаны қалай қайтаруға болады? Заңгер жауабы

Бүгiн 2026, 16:42
АВТОР
 gov.kz Бүгiн 2026, 16:42
Бүгiн 2026, 16:42
131
Фото: gov.kz

Соңғы жылдары Қазақстанда жеке сот орындаушыларына қатысты шағым көбейді. Әлеуметтік желіде де, құқық қорғаушылар арасында да «шотымды толық бұғаттап тастады», «жәрдемақыма дейін ұстап қалды», «ескертусіз арест қойды» деген пікір жиі айтылады. Осы мәселенің түйінін тарқату үшін BAQ.KZ тілшісі заңгер Дәулетхан Ахметовпен сұхбаттасты.

Жеке сот орындаушысы болу үшін не қажет?

Заңгердің айтуынша, бұл қызметке кез келген адам келе алмайды.

Ең алдымен үміткердің заң саласында жоғары білімі болуы керек. Яғни, құқықтану  мамандығын тәмамдауы қажет. Сонымен қатар заң саласындағы тәжірибесі де ескеріледі.

"Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңға сәйкес, үміткер тағылымдамадан өтіп, лицензия алуы тиіс. Сондай-ақ кәсіби талаптарға сай болуы қажет, - дейді заңгер.

Айта кетейік, осыған дейін де Мәжілісте бұл мәселе бір емес бірнеше рет көтерілген еді. Депутаттар жеке сот орындаушыларына қойылатын талаптарды тағы да күшейтуді ұсынды. Енді олар міндетті түрде қайта аттестациядан өтеді. Заң мен кәсіби әдеп кодексін білмегендер лицензиясынан айырылуы мүмкін.

Шоттарды қандай жағдайда бұғаттай алады?

Заңгердің сөзінше, азаматтың банктік шотына арест қою үшін негіз болуы керек. Ол негіздердің ең көп кездесетіні - нотариустың атқарушылық жазбасы немесе заңды күшіне енген сот шешімі.

Егер сот шешімі шыққаннан кейін азамат белгіленген мерзімде апелляциялық шағым түсірмесе, құжат мәжбүрлі түрде орындалуға жіберіледі.

Заңгер сөзінше мұндай жағдайда адам өзін тығырыққа тірелгендей сезінеді.

Заң бойынша азаматтың жалақысынан 50 пайыздан артық ұстап қалуға болмайды. Бұған қоса, адамның қолында ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес қаражат қалуы тиіс. Қазіргі күнкөріс минимумы шамамен 50 мың теңгеден асады, - дейді ол.

Алайда тәжірибеде бәрі бірдей заңдағыдай бола бермейді.

Кейбір сот орындаушылары жұмыс орнына қаулы жіберіп, айлықтан заңды ұсталым жүргізудің орнына, адамның барлық шотын бірден бұғаттап тастайды. Арнайы әлеуметтік шоттардан басқа есепшоттардың бәрін жауып, ішіндегі қаражатты толық ұстап қоятын жағдайлар кездеседі. Бұл моральдық тұрғыдан адамға өте ауыр тиеді. Адам өзін толық тығырыққа тірелгендей сезінеді, - дейді Дәулетхан Ахметов.

Заңгердің айтуынша, жеке сот орындаушыларында азаматтың қай жерде жұмыс істейтінін анықтайтын мүмкіндік бар. Өйткені олар зейнетақы аударымдары арқылы жұмыс орнын көре алады. Соған қарамастан кей жағдайда ең оңай тәсіл – шоттарды толық бұғаттау қолданылып кетеді.

Баланың ақшасы да ұсталып кететін жағдайлар бар

Сарапшы ерекше тоқталған мәселенің бірі – жәрдемақылардың бұғатталуы.

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңның 98-бабында қандай төлемдерден ұстап қалуға болмайтыны нақты көрсетілген.

Олардың қатарында:

  • бала тууға байланысты жәрдемақылар;
  • бала күтіміне төленетін төлемдер;
  • көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақылар;
  • асыраушысынан айырылу төлемдері бар.

Бірақ заңгер сөзінше азаматтардың өзі арнайы әлеуметтік шот ашпай, қаражатты кәдімгі банк картасына алып, қателікке бой алдыратынын айтады.

Сот орындаушысы шотқа арест қойған кезде, жүйе ол ақшаның нақты қандай төлем екенін ажырата алмай қалады. Соның салдарынан бүкіл ақша автоматты түрде ұсталып кетеді. Кейін прокуратура немесе сот арқылы бұл ақшаны қайтаруға болады, бірақ оның әлі нақты механизмі жетілмей тұр, - дейді заңгер.

Көлік пен баспана: сот орындаушысы қандай жағдайда мүлікке шектеу қоя алады?

Борышкердің банктік шоты ғана емес, кей жағдайда оның мүлкі де атқарушылық іс жүргізу аясында қаралуы мүмкін. Әсіресе, автокөлік пен баспанаға қатысты сұрақ көп.

Егер автокөлік автонесие арқылы алынып, банкке кепіл ретінде қойылса, онда банк оны өндіріп алуға құқылы. Мұндай жағдайда сот орындаушысы қаулы шығарып, көлікті айып тұрағына қойып, кейін аукцион арқылы сатуға мүмкіндік бар, - дейді заңгер.

Ал егер көлік тұтынушылық несиеге немесе қолма-қол ақшаға сатып алынса және банкке кепіл ретінде рәсімделмесе, жағдай басқаша. Мұндай мүлікке бірден өндіріп алу шарасын қолдану оңай емес. Себебі ол банк алдындағы кепіл мүлкі болып саналмайды.

Дегенмен заңгердің айтуынша, көлік ломбардқа немесе басқа қаржы ұйымына кепілге қойылған болса, онда қарыз өтелмеген жағдайда оны өндіріп алу қаупі бар. Өйткені азамат келісімшартқа өзі қол қойып, көлікті кепіл мүлкі ретінде рәсімдейді.

Баспанаға қатысты да осындай айырмашылық бар. Қоғамда «жалғыз үйді тартып алмайды» деген түсінік жиі айтылады. Бірақ егер үй ипотекада немесе банкке кепілде тұрса, қаржы ұйымы оны өндіріп алуға құқылы.

Егер үй банкке кепілге қойылған болса, мысалы ипотекада тұрса, онда банк оны өндіріп ала алады. Бірақ қазір жалғыз баспананы қорғау мәселесіне байланысты өзгерістер талқыланып жатыр. Яғни алдымен төлем кестесін жасау, қарызды қайта құрылымдау, уақытша жеңілдік беру сияқты тетіктер қаралуы керек, - дейді Дәулетхан Ахметов.

Сарапшының сөзінше, егер адамның бірнеше пәтері, жері немесе өзге де мүлкі болса, онда өндіріп алу мүмкіндігі сақталады. Ал жалғыз баспанаға қатысты мәселе әр жағдайда жеке қаралуы тиіс.

Сондықтан заңгер азаматтарға несие, ипотека немесе кепіл шартына қол қоймас бұрын құжатты мұқият оқуға кеңес береді. Өйткені көп жағдайда мүліктен айырылу қаупі дәл сол келісімшарттағы талаптардан басталады.

Жалақы үшін арнайы шот енгізу керек - заңгер

Заңгердің пікірінше, қазіргі жүйедегі басты мәселе - адамның жұмыс істеуіне мүмкіндік қалдырмайтын тетіктердің болуы.

Қазір кейбір азаматтар аресттің кесірінен тіпті жаңа банк шотын аша алмай жүр. Соның салдарынан жұмысқа да кіре алмай қалады. Сондықтан арнайы қорғалған “жалақылық шот” енгізу керек деп ойлаймын. Сонда адам жұмыс істейді, айлық алады, ал сот орындаушысы заңда көрсетілген мөлшерде ғана ұсталым жасайды, - дейді ол.

Оның сөзінше, жүйені толық жою емес, керісінше мемлекеттік бақылауды күшейтіп, адам құқығын қорғайтын тетіктерді көбейту қажет.

Жеке сот орындаушылары керек. Бірақ олардың өкілеттігіне де қатаң бақылау болуы тиіс. Егер азаматтың құқығын бұзса, нақты жауапкершілік болуы керек. Тіпті қылмыстық жауапкершілікке дейін қарастырылуы қажет, - дейді заңгер.

 

Наверх