Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді.
Оның айтуынша, алдағы уақытта еліміздің шығыс өңірінде бірнеше кен орындары игеріледі.
2025-2040 жылдарға қарай Шығыс Қазақстанда қала құраушы және өңір экономикасына әсер ететін Орлов, Малеев, Тишин, Риддер-Сокольное сынды бірнеше ірі кен орындары игеріледі деп болжануда. Осыған байланысты, жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жандандыру талап етіледі. Бұл кейіннен жер қойнауын пайдалануға беру үшін перспективалы алаңдар мен объектілерді анықтау бойынша негізгі әдістердің бірі. 2020-2022 жылдары мемлекеттік салымдардың көлемі 30 млрд теңге болды. Бұл ретте, соңғы жылдары мемлекеттік инвестициялардың ұлғаюы байқалуда, - деп атап өтті министр.
Сонымен қатар Қазақстан геологиялық барлауға салынатын мемлекеттік инвестициялардың 1 шаршы километрге төмен көрсеткішімен сипатталатындығын алға тартты.
Бізде ол 11 АҚШ долларын құрайды. Мәселен, салыстыру үшін Австралияда – 167 доллар, Канадада – 203 доллар. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, инвесторлар өз қаражатын мемлекет есебінен болжамды ресурстары бар, перспективалы учаскелер базасы қалыптасқан жұмыстардың ерте сатыларын жүргізген немесе жүргізу үстіндегі елдерде кен орындарын барлауға салуда, - деді ведомство басшысы.