Жақсылық Омарға қатысты прокуратура мәлімдемесі: Шартты түрде босату мен рақымшылық қолданылмайды

ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар 6 жылға сотталды. Прокуратура оның ісі сыбайлас жемқорлық санатына жататынын айтып, шартты түрде мерзімінен бұрын босату мен амнистия қолданылмайтынын мәлімдеді.

 gov.kz Бүгiн 2026, 10:21
Бүгiн 2026, 10:21
244
Фото: gov.kz

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот үкіміне облыстық прокуратура түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұған дейін Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Жақсылық Омарға қатысты қылмыстық істі қараған болатын. Ол аса ірі көлемдегі алаяқтық және пара алу фактілері бойынша айыпталған.

3 сәуір күні сот үкім шығарып, Жақсылық Омарды кінәлі деп таныды. Оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.

Сот шешімімен оның «Toyota Camry» маркалы автокөлігі де тәркіленді.

ШҚО прокуратурасының мәліметінше, Жақсылық Омардың әрекеттері сыбайлас жемқорлық қылмыстар санатына жатады және мемлекеттік қызметтің негіздері мен қоғам сеніміне нұқсан келтіреді. Айыптау тарапы істің қысқартылған тәртіпте қаралуын ескере отырып, заңда көзделген ең қатаң жазаны сұраған.

Қолданыстағы қылмыстық заңнама талаптарына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған тұлғаларға амнистия актілері мен шартты түрде мерзімінен бұрын босату нормалары қолданылмайды, – деп мәлімдеді прокуратура.

Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.

Жақсылық Омар туралы не білеміз?

Жақсылық Омар 1980 жылы 28 қыркүйекте Алматы облысы Алакөл ауданы Үшарал ауылында туған.

Білімі:
– 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «география» мамандығы бойынша тәмамдаған;
– 2010 жылы Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін «жергілікті және мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша бітірген;
– 2018 жылы Д. Серікбаев атындағы ШҚО мемлекеттік техникалық университетінде экономика магистрі дәрежесін алған.

Еңбек жолы:
– 2001-2005 жж. – Мәдениет және ақпарат министрлігінде маман;
– 2005-2007 жж. – Қаржы министрлігінде қызмет еткен;
– 2007-2009 жж. – «Қазақстан» телерадиокорпорациясында және «Арна медиа» холдингінде жұмыс істеген;
– 2009-2010 жж. – ШҚО әкімінің көмекшісі;
– 2010-2011 жж. – ішкі саясат басқармасының басшысы;
– 2011-2013 жж. – мәдениет басқармасының жетекшісі;
– 2013-2016 жж. – ШҚО әкімінің орынбасары;
– 2016-2018 жж. – Алматы облысы әкімінің орынбасары;
– 2018-2024 жж. – Өскемен қаласының әкімі;
– 2024-2025 жж. – ШҚО әкімінің кеңесшісі;
– 2025 жылдың 7 сәуірінен бастап – ШҚО әкімінің бірінші орынбасары.

Еске салсақ, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқаны туралы мәлімдеген еді.

Бұған дейін ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар сотта кінәсін толық мойындағанын жаздық. 

2026 жылғы 3 сәірде белгілі болғандай, ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар 6 жылға түрмеге қамалды.

Наверх