Жақсы мұғалім – жүрекпен білім беретін тұлға

Гүлнұр Нұрбаева – педагог-зерттеуші, Түркістан облысы, Түлкібас ауданы Б. Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Ол ауданның айтулы ұстаздарының бірі, заманауи әдістер мен шығармашылықты сабаққа енгізуге белсенді.

 жеке мұрағатынан Бүгiн 2026, 05:40
Бүгiн 2026, 05:40
189
Фото: жеке мұрағатынан

Жақсы ұстаз – тек сабақ беріп қана қоймай, әр оқушының қабілетін ашып, өмірлік құндылықтарды бойына сіңіретін адам. BAQ.KZ тілшісі технология мен шығармашылықты сабаққа тиімді қолданып, өз білімін үнемі жетілдіріп келе жатқан ауыл мұғалімімен сұхбаттасты.

Гүлнұр Нұрбаева – педагог-зерттеуші, Түркістан облысы, Түлкібас ауданы Б. Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Ол ауданның айтулы ұстаздарының бірі, заманауи әдістер мен шығармашылықты сабаққа енгізуге белсенді.

Ұстаздық – жүректің таңдауы

– Ұстаздықты не себепті таңдадыңыз?

– Мен үшін ұстаздық – жай мамандық емес, жүрек қалауы. Бұл жолды таңдауыма алғашқы ұстазым Зибагүл апайдың ықпалы зор болды. Оның сабақты түсіндіруі, оқушыларға деген мейірімі мен сабырлылығы мені қатты әсер етті. Сол кісідей болсам, балаларға білім беріп қана қоймай, олардың жүрегіне жол таба аламын деген арманым ерте қалыптасты.

Уақыт өте келе бұл арман мақсатқа айналды. Ұстаздық – болашақ ұрпаққа білім мен тәрбие беру, үлкен жауапкершілік әрі абыройлы іс екенін түсіндім. Анам да мұғалім болғандықтан, бала кезімнен осы мамандықтың жауапкершілігі мен қиындығын көріп өстім. Дегенмен ұстаздықтың беретін қуанышы мен мағынасы әлдеқайда терең екенін түсіндім.

Өскелең ұрпақпен жұмыс – шыңдалу жолы

– Оқыту процесінде қандай қиындықтар кездеседі?

– Өскелең ұрпақпен жұмыс жасау – сырт көзге жеңіл көрінгенімен, өз ішінде түрлі қиындықтарды қамтиды. Әр баланың қабылдауы әртүрлі: бірі тез ұғады, бірі баяу. Сондықтан әр оқушыға жеке тәсіл табу – үлкен жауапкершілік.

Қазіргі балалардың кітап оқуға ынтасы төмен, кейіпкерлердің жан дүниесін түсіну оңай емес. Сонымен қатар, оқушы мен мұғалім арасындағы сенімді байланыс орнату маңызды. Егер бала саған сенбесе, сабақты толық қабылдай алмайды. Сондықтан біз тек білім беруші ғана емес, бағыт беруші әрі кейде сырлас та болуымыз керек.

Дәстүрлі және заманауи оқытудың үйлесімі

– Дәстүрлі оқыту мен заманауи әдістер арасындағы айырмашылық туралы не ойлайсыз?

– Бұл екі бағыт бір-бірін толықтырады. Дәстүрлі оқыту білімнің негізін, тәртіп пен жүйелілікті береді, ал заманауи оқыту оқушының шығармашылығын, еркін ойлауын дамытады. Мен сабақта теорияны дәстүрлі түрде түсіндіріп, оны бекіту кезінде ойын элементтері, жаңа технологиялар мен интерактивті әдістер қолданамын.

Ең тиімді жол – дәстүрлі білім мен заманауи тәсілдердің алтын ортасын табу.

Заманауи оқытудың басты басымдылығы

– Заманауи оқытудың негізгі басымдылығы неде?

– Заманауи оқыту оқушының тұлғалық дамуына, өз бетімен ойлай алуына, білімді өмірде қолдана білуіне бағытталады. Қазақ тілі мен әдебиеті тұрғысынан бұл – тілдік құзыреттілікті дамыту, ойын сауатты жеткізуге үйрету, әдеби шығармалар арқылы рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіру.

Сыни ойлау мен эмоционалдық интеллект дағдылары қазіргі оқушы үшін өте маңызды. Олар тек білімді меңгеріп қана қоймай, өз ойын дәлелдеп, өзгелермен дұрыс қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді.

Саналы ұрпақ тәрбиелеу

– Оқушы қандай болу керек?

– Заманауи оқушы – саналы, ізденімпаз, өз ойын еркін жеткізе алатын тұлға болуы тиіс. Ол сыни ойлай білуі, ақпаратты сүзгіден өткізіп, дұрыс шешім қабылдай алуы керек. Сонымен қатар, ана тілін құрметтейтін, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, адамгершілік қасиеттері қалыптасқан болуы маңызды.

Сабақта оқушыларды пікір айтуға, бір-бірін тыңдауға, құрметтеуге үйрету – басты мақсат. Саналы, білімді де тәрбиелі ұрпақ – ел болашағының кепілі.

Ұстаздың ұстанымы

– Сіздің негізгі ұстанымыңыз қандай?

– Әр оқушыны жеке тұлға ретінде қабылдау, оның ойлау қабілеті мен шығармашылығын дамыту, біліммен қатар тәрбиеге басымдық беру. Сабақта тілін, ой-пікірін, адамгершілігін қалыптастыруға бағытталған әрекеттерді басты орынға қоямын.

Наверх