Жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен кәсіпкерлердің шығыны қалай өтелетіні айтылды

19 Қаңтар 2022, 16:55
2226
Бөлісу:
Жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен кәсіпкерлердің шығыны қалай өтелетіні айтылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі.  Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров Шағын және орта бизнес субъектілері мен Алматы қаласының тұрғындарына келтірілген мүліктік шығынды өтеу тетігі туралы айтып берді.

Оның айтуынша, зардап шеккен ШОБ-қа өтемақы төлеу механизмі әзірленген. Бұл бағытта мемлекеттік органдардың қатысуымен арнайы комиссия жұмыс істейді. Оның құрамына депутаттар мен қоғамдық бірлестіктер, «Атамекен» ҰКП-ның қызметкерлері кірген.

Өтемақы зардап шеккен азаматтарға бүлінген затына қарай беріледі. Мәселен, көліктің ұрланғаны ҚР Қылмыстық Кодекс аясында тергеледі. Кәсіпкерлік субектілеріне келтірілген шығын көлемі Өңірлік комиссия мен «Күшіміз бірлікте» қорының комиссиясымен анықталады. Өтемақы төлеу мемлекеттік бюджеттен және «Күшіміз бірлікті» қоры есебінен жасалады. Жергілікті атқарушы органдар мен Қор бағалау және аудиторлық компаниялардың тізімін анықтап, қызмет көрсету үшін оларды интернетке жариялайды. Бүлінген мүлікті бағалау, аудит жүргізу, шығынды есептеу жұмыстарына төлем жасау әкімдік пен қорға жүктеледі,-деді Өсербаев.

Бизнес субектілерінің өтініші электронды түрде Infokazakhstan.kz сайтында қабылданады. Ол жерде ЖК мен заңды тұлғалар өздерінің кәсіпкер екенін растайтын және келтірілген шығынның фото, видеосын көрсетеді. Кейін оны Өңірлік комиссия мен Қор комиссия 5 күн ішінде қарайды.

Сондай-ақ ол Алматыда әкімінің тапсырмасымен құрылған Өңірлік комиссия жаппай тәртіпсіздіктен қалаға келтірілген шығынды әлі де есептеп жатқанын айтты. Бүгінгі таңда алдын ала болжам бойынша жалпы шығын 95 млрд теңгеден асқан. Оның ішінде 54 әкімшілік нысан зақымданған. Құқыққорғау және коммуналдық қызметтің 260 көлігі, одан бөлек жеке тұлғалардың 150 автокөлігі өртенген, яғни 2 млрд теңгеден астам шығын келген. 

Сонымен қатар ол қалада 1600-дей бизнес субектісі зардап шеккенін және оған келтірілген шығын 66,5 млрд теңге көлемінде екенін айтты. Оның 96 пайызы шағын және орта бизнес өкілдері.

Өзгелердің жаңалығы