Жапонияның ғарыш капсуласы Жерге астероидтан алынған топырақты жеткізді

6 Желтоқсан 2020, 23:53
1475
Бөлісу:
Жапонияның ғарыш капсуласы Жерге астероидтан алынған топырақты жеткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жапонияның ішінде астероидтан алынған топырақ үлгісі бар капсуласы Австралияның шөлді даласына сәтті қонды. Hayabusa-2 ғарыш зондының 5 миллиард шақырым сапардан тұратын миссиясының кульминациясы болды. 

Бұл туралы Жапонияның JAXA ғарыш агенттігіне сілтеме жасап, Азаттық радиосы хабарлады.

Рюгу астероида ұшып қайтқан Hayabusa-2 ғарыш зонды сенбі, 5 желтоқсан күні астероидтан алынған ғарыш материалы капсуланы Жер бетіне жіберген.

Жерден 340 миллион шақырым қашықта орналасқан астероидтың үлгілері 2019 жылы алынған.

Капсула Жер атмосферасынан аққан жұлдыздай өтіп, жерге 10 шақырым қалғанда парашюті ашылды. Бұл капсуланының жылдамдығын азайтып, оның қай жерге түсетінін тіркеуге мүмкіндік берді. Капсула Австралияның оңтүстігіндегі Вумера дейтін адам аз тұратын аймағына түсті. Бұл жерде Австралияның полигоны және космодромы орналасқан.

2014 жылы ұшырылған Hayabusa 2 Рюгу астероидына 2018 жылы жеткен. Астероидті бір жарым жыл сырттай бақылап, екі рет қонып, үлгілерді жинап алды. Ғарыш зонды астероидтан Жерге қарай бір жыл бұрын ұшып шыққан.

Ғалымдар астероидтан келген үлгілер ғаламның қалай түзілгені жөнінде тың ақпарат беруі мүмкін деп үміттенеді. Олар әсіресе үлгілердегі органикалық материалдарды талдауға қызығып отыр. Бұл материалдар ғарыш радиациясы мен қоршаған ортаның өзге де факторлары әсер етпейтін тереңдіктен алынған.

Өзгелердің жаңалығы