«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ еншілес компаниясы KTZ Express Жапониядан Қазақстанға химиялық өнімдердің алғашқы мультимодальды тасымалын ұйымдастырды.
Химиялық өнім тиелген контейнерлер Жапонияның Кобе портынан Алматыға теңіз және теміржол көлігі арқылы жеткізіледі. Маршруттың жалпы ұзындығы шамамен 6 мың шақырымды құрайды.
Алдымен контейнерлер Кобеден Қытайдың Ляньюньган портына дейін теңізбен шамамен 1620 шақырым тасымалданады. Кедендік рәсімдерден кейін жүк теміржолға ауыстырылып, Алматыға дейін тағы 4400 шақырым жол жүреді.
Қытай мен Қазақстан шекарасында контейнерлер Алтынкөл өткізу пункті арқылы қазақстандық жолтабанға арналған жылжымалы құрамға тиеліп, одан әрі Алматыға жеткізіледі.
Ляньюньган – KTZ Express-тің Шығыс Азиядағы көлік инфрақұрылымының негізгі тораптарының бірі. Мұнда 2014 жылы «Белдеу және жол» бастамасы аясында іске қосылған Қазақстан мен Қытайдың бірлескен халықаралық логистикалық терминалы орналасқан.
Жаңа бағыт Қазақстанның көлік-логистикалық жүйесін Жапония және Тынық мұхиты аймағындағы басқа елдермен байланыстыру мүмкіндігін кеңейтеді. Сондай-ақ ол Шығыс Азиядан келетін жүктерді Қытай мен Қазақстан аумағы арқылы құрлық бағыттарына шығаруға мүмкіндік береді.