Жанұялық кәсіп – халық денсаулығына қызмет

 Кеше 2026, 01:42
Кеше 2026, 01:42
31

Адам денсаулығына қызмет ету – үлкен жауапкершілік пен қажырлы еңбекті талап ететін мамандық. Ал бұл жолды өмірлік серігіңмен бірге таңдап, халық игілігіне айналдыру – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. BAQ.KZ тілшісі жүздескен Гүлжамал Жайдарбаева мен Әскербек Дүйсенбаевтың отбасы осы сөздің айқын дәлелі. Аса ауылында ұзақ жылдар бойы стоматология саласында еңбек етіп келе жатқан жандар ел алғысына бөленген.

Ауылға шипа сыйлаған отбасы

Адам баласының бала күнгі арманы оның болашақ өмір жолын айқындап жатады. Бірі ұстаз болуды қаласа, енді бірі дәрігер атануды армандайды. Ал сол арманына адал болып, өмірін адам денсаулығына арнаған жандар қоғам үшін әрқашан қадірлі. Осындай абзал мамандардың бірі – стоматолог дәрігер Гүлжамал Жайдарбаева. Ол ұзақ жылдар бойы ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға үлес қосып, халықтың алғысына бөленіп келеді.

Гүлжамал Рахымбердіқызы 1971 жылы дүниеге келген. Оның медицина саласына деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Ақ халат киіп, адамдарға көмек көрсету бала арманы еді. Әсіресе тері ауруларын емдейтін дәрігер болуды мақсат тұтқан. Алайда тағдыр жолы оны стоматология саласына алып келді. Армандаған мамандығы дәл өзі болмаса да, ол медицинадан алыстамады. Керісінше, тіс дәрігері атанып, сан мың адамның алғысына ие болды.

Бала күнімде дәрігер болуды қатты армандадым. Әсіресе тері дәрігері болсам деп ойлайтынмын. Бірақ өмір жолы мені стоматология саласына алып келді. Қазір ойласам, бұл да адамға қызмет етудің үлкен жолы екен, – дейді ол.

Еңбек жолын облыстық балалар стоматологиялық емханасында бастаған жас маман алғашқы күннен-ақ өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарады. Балалармен жұмыс істеу ерекше төзімділік пен мейірімділікті талап етеді. Гүлжамал Рахымбердіқызы әр баланың көңілін тауып, қорқынышын жеңуге көмектесе білді. Оның кәсібилігі мен адамгершілік қасиеті әріптестері мен пациенттерінің құрметіне бөленді.

2003 жылы ол Аса ауылына қоныс аударып, еңбек жолын осы өңірде жалғастырды. Сол уақыттан бері ауыл тұрғындарының тіс саулығына жауап беріп келеді. Ол кезеңде ауылдағы стоматологиялық қызмет қазіргі деңгейдегідей дамымаған болатын. Құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі, маман тапшылығы мен түрлі тұрмыстық қиындықтар жұмысты қиындатты.

Алғашқы жылдары оңай болған жоқ. Кейде жұмысты тастап кеткім келген сәттер де болды. Бірақ ауыл тұрғындарының сенімі бізге күш берді. Қиындыққа қарамастан еңбектендік, – деп еске алады дәрігер.

Уақыт өте келе Гүлжамал Рахымбердіқызы жолдасы Әскербек Дүйсенбаевпен бірге отбасылық кәсіпті қолға алды. Ерлі-зайыптылар ауылда стоматологиялық орталық ашып, халыққа қызмет көрсетуді жаңа деңгейге көтерді. Бұл олардың кәсібі ғана емес, тұрғындар алдындағы үлкен жауапкершілігіне айналды.

Жаңа істі бастау оңайға соқпады. Қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу, қызмет сапасын қалыптастыру, тұрғындардың сеніміне ие болу үлкен еңбек пен табандылықты талап етті. Алайда дәрігерлер отбасы кездескен қиындықтарға мойымай, алға қойған мақсатынан бас тартқан жоқ.

Бүгінде олардың емханасына Аса ауылының тұрғындарымен қатар, көршілес елді мекендердің халқы да келіп қаралады. Көпжылдық тәжірибе мен сапалы қызметтің нәтижесінде орталық өңірдегі сенімге ие медициналық мекемелердің біріне айналған.

Біз бұл істі ешқашан тек табыс көзі ретінде қараған емеспіз. Адамдардың алғысы – ең үлкен марапат. Тісі ауырып келген адамның ем алып, күлімдеп шыққанының өзі біз үшін үлкен қуаныш, – дейді Әскербек Дүйсенбаев.

Отбасылық кәсіптің басты құндылығы – өзара сенім мен ауызбіршілік. Гүлжамал апай мен Әскербек мырза осы қағиданы берік ұстанып келеді. Жылдар бойы бір-біріне қолдау көрсетіп, ортақ істі бірге дамытып келеді. Олардың еңбегі тек тұрғындардың денсаулығын жақсартумен шектелмейді. Бұл – жастарға еңбекқорлықтың, табандылықтың және өз кәсібіне адалдықтың жарқын үлгісі.

Қазіргі таңда стоматология саласы қарқынды дамып, заманауи технологиялармен толықтырылуда. Осы өзгерістерден қалыс қалмау үшін дәрігерлер де үздіксіз білімін жетілдіріп келеді. Түрлі оқу курстарына қатысып, жаңа емдеу тәсілдерін меңгеруде.

Дәрігер үнемі ізденісте болуы керек. Медицина күн сайын дамып келеді. Сондықтан біз де кәсіби білімімізді жетілдіріп, жаңа технологияларды игеруге тырысамыз, – дейді кейіпкеріміз.

Ауыл тұрғындары Гүлжамал Рахымбердіқызын өз ісінің білікті маманы ғана емес, адамгершілігі мол жан ретінде де ерекше құрметтейді. Оның қарапайымдылығы, сабырлылығы мен мейірімділігі көпшілікке үлгі. Көпжылдық тәжірибесі арқылы ол ауыл халқының сеніміне ие болып, ел арасында сыйлы азаматтардың қатарына қосылды.

Халық даналығында «Еңбектің наны тәтті» деген сөз бар. Шынында да, маңдай термен келген жетістік әрқашан қадірлі. Бүгінде Гүлжамал Жайдарбаева мен Әскербек Дүйсенбаевтың еңбегі тұрғындардың алғысына бөленіп отыр. Олар ауылда отырып-ақ үлкен істің үлгісін көрсетті. Қиындыққа мойымай, адал еңбек пен табандылықтың арқасында өз кәсібін дамытып, халық игілігіне қызмет етудің жарқын үлгісін қалыптастырды.

Осындай ақ халатты абзал жандардың еңбегі қоғам үшін қашанда қымбат. Ауыл медицинасының дамуына үлес қосып жүрген Гүлжамал апай мен оның отбасының өнегелі жолы кейінгі жас буынға әрдайым үлгі болып қала бермек.

Наверх