Жануарлар ауруының диагностикасы жөніндегі ақпараттық жүйе іске қосылады – АШМ

19 Наурыз 2022, 14:19
2317
Бөлісу:
Жануарлар ауруының диагностикасы жөніндегі ақпараттық жүйе іске қосылады – АШМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» ақпараттық жүйесінде «VetLab» модулін (жануарларды диагностикалық зерттеу) әзірлеу және іске қосу бойынша тиісті жұмыстарды жүргізді, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

«VetLab» модулі ауыл шаруашылығы жануарлары ауруының диагностикасы саласындағы үлгілерге зертханалық зерттеулер жүргізу бойынша ақпарат беруге арналған. Модульді іске қосу шеңберінде «Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» ақпараттық жүйесінде жануарлардан алынған биологиялық және патологиялық материалдың сынамалары бойынша электрондық құжаттарды (ілеспе хат, сынамаларды іріктеу актісі және тізімдеме) автоматты қалыптастыру процестері, «VetLab» модулінде сынамаларды қабылдау және зерттеу нәтижелерін беру іске асырылды.

Бұл ретте зерттеу нәтижелері «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйесіне автоматты түрде түседі, бұл жануарларды диагностикалық зерттеулер бойынша деректерді уақтылы, толық енгізбеу факторын толығымен жоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бүкіл ел бойынша зертхана диагностикалаған жануарлар ауруларының көрінісін көру мүмкіндігіне жол ашады. 

Процеске қатысушылардың барлық іс-әрекеттері ЭЦҚ арқылы расталады және цифрлық құжаттарда көрсетіледі. 

«VetLab» Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында пилоттық тестілеуден өтті. Оның қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың зертхана мамандары мен мал дәрігерлерінің ұсыныстары ескерілді. 

Әзірлеушілер жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық дәрігерлерін, барлық облыстардың ветеринариялық зертханаларының мамандары мен ветеринариялық инспекторларын оқытуды жүргізді. 

Өткізілген оқыту қорытындылары бойынша 2022 жылдың 9 наурызында "VetLab" модулі іске қосылды. Бұл ветеринария жүйесін жетілдірудегі кезекті маңызды қадам болып отыр. 

Аталмыш модуль Мемлекет басшысының ветеринария жүйесін реформалау, атап айтқанда процестерді цифрландыру, деректерді жинау мен беруді автоматтандыру жөніндегі тапсырмасы аясында әзірленді.

Өзгелердің жаңалығы