Жансая Әбдімәлік Алматы шахмат федерациясының президенті болды

20 Сәуір 2022, 11:51
2168
Бөлісу:
Жансая Әбдімәлік Алматы шахмат федерациясының президенті болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңа ұйым Алматы қаласының Шахматшылар Одағынан кері қайтарып алынғаннан кейін аккредитацияға ие болды және мегаполисте шахмат мәдениетін дамытатын болады. 

Федерация мен оның президентінің мақсаты – Алматыны әлемдік шахмат орталықтарының біріне айналдыру және еліміздің басқа шахмат федерациялары үшін үлгі көрсету.

Федерацияның президенті қазақстандық шахматшы, халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік болды.

Федерацияның 2024 жылға дейінгі жоспарында – төрт негізгі бағытты дамыту: қала тұрғындары арасында бұқаралық спорт, мектептегі білім берудегі шахмат, жоғары жетістіктер спорты, сондай-ақ ардагерлерді қолдау, – деп атап өтті Жансая Әбдімәлік.

Федерация алматылықтар үшін шахмат мәдениетімен танысуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Таяудағы үш жылда жаңа тұрақты спорттық іс-шаралар – бір мезгілді ойынның ашық сеанстарын, Алматы және басқа қалалар құрамалары арасында турнирлер ұйымдастыру, сондай-ақ саябақтарда, аулаларда, ауруханаларда және басқа да қоғамдық орындарда жаңа шахмат аймақтарын құру жоспарлануда. 

Сонымен қатар, жоспарға сәйкес Алматы мектептерінде шахмат сабақтарына арналған кабинеттер жабдықталады, мұғалімдер мен оқушыларға арналған арнайы оқыту бағдарламалары, әдістемелік құралдар әзірленеді, сондай-ақ Мектеп Лигасына қатысу үшін командалар құрылады. 

Жалпы білім беру мекемелерінде шахмат сабақтарын енгізу тәжірибесі Ұлыбританияда, АҚШ-та, Түркияда бұрыннан қолданылып келеді, ал Армения шахматты міндетті мектеп бағдарламасына енгізген әлемдегі алғашқы ел болды. Алматылық оқушылар үшін бұл одан әрі интеллектуалды дамуға қолайлы жағдай жасайтыны сөзсіз, – деді Жансая Әбдімәлік.

Жоғары жетістіктер спортын дамыту шеңберінде балалар мен жасөспірімдер спортын қолдау, 8 жастан 18 жасқа дейінгі Алматы құрамасын қалыптастыру, ал соның нәтижесінде Қазақстан, Азия, әлем чемпионаттарында, сондай-ақ 16 жасқа дейінгі Олимпиадада жүлделі орындарға ие болу міндеті басым болып табылады.

Турнирлерге дайындалу мақсатында жылына бірнеше рет Алматы жасөспірімдер құрамасының шахматшылары үшін шетелдік халықаралық гроссмейстерлер мен спорт психологтарын тарта отырып, көшпелі оқу-жаттығу жиындарын өткізу жоспарлануда. Жансая Әбдімәліктің айтуынша, федерацияны дамытудың бұл бағыты жас шахматшыларды қолдауда үлкен олқылықты толтыруға көмектеседі.

Жас таланттарды қолдаудың қисынды жалғасы – СШК (спорт шеберіне кандидат), IM (халықаралық шебер), GM (халықаралық гроссмейстер) спорт нормаларын орындауға арналған рейтингтік турнирлерін өткізу болып табылады, яғни белгілі бір деңгейге жетіп, Алматыдан шықпай-ақ жаңа атақ үшін таласуға болады.

Шахмат – аға ұрпақтың сүйікті спорт түрлерінің бірі, сондықтан Федерация ардагерлерге арналған еске алу және мерейтой күндеріне арналған, сондай-ақ жас шахматшылармен білім алмасу үшін турнирлер өткізуді мақсат етеді.

Әрине, ең маңызды міндеттеріміздің бірі – қаржыландыруды тарту, өйткені онсыз спорт федерациясының қызметі әлдеқайда күрделі. Кәсіби спортшылар мен шахмат әуесқойлары үшін үздік жағдай жасау мақсатында Алматы шахмат федерациясы демеушілермен ынтымақтастық жасау үшін әрдайым ашық болады, – деп атап өтті Жансая Әбдімәлік. 

Жансаяның әкесі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Данияр Әшіров Жансаяның халықаралық турнирлер мен жиындарға қатысудың мол тәжірибесі федерация үшін үлкен артықшылық екенін айтты.

Қазақстанның шахмат бойынша алғашқы әлем чемпионы өзі туып- өскен және әлемдегі ең мықты шахматшылардың бірі атанған Алматы қаласының Шахмат федерациясының президенті болғаны кездейсоқтық емес. Жансаяның келуімен жағдай жақсы жаққа қарай өзгереді: Алматыда шахматты дамыту үшін турнирлерге, жиындарға элиталық шахматшылар мен басқа елдердің жаттықтырушыларын шақыру үшін мүмкіндіктер ашылады, – деп атап өтті Данияр Әшіров.

Алдағы айлар ішінде Федерация ресми сайтында даму бойынша егжей-тегжейлі жоспар ұсынады, сондай-ақ жас шахматшылардың жаттықтырушылары мен ата-аналарымен кездесулер өткізеді.

Өзгелердің жаңалығы