Жанна Тілеубекова: Түркістанда алғаш рет «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы ұйымдастырылды

16 Тамыз 2022, 13:33
1769
Бөлісу:
Жанна Тілеубекова: Түркістанда алғаш рет «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы ұйымдастырылды

Оңтүстіктің табиғаты жылы  болғандықтан сауда мен кәсіптің қай түрін болмасын жасауға қолайлы аймақ екені рас. Қазіргі таңда облыстың әл-ауқаты мен экономикасын шағын және орта кәсіпкерлердің дамытып келе жатыр, деп хабарлайды Түркістан облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл ретте Түркістан облысы өңірлік кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді дамыту жобасы мен оларды несиелеу барысында қандай жұмыстар жүргізуде? Жалпы, облыста қанша кәсіпкер бар, қай салада шағын кәсіпкерлер қолдау күтеді? Осы және басқа да сауалдарымызға Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жанна Тілеубекова ханым жауап берді. 

– Жанна Асылбекқызы, жалпы біздің облыстың кәсіпкерлері көбіне қандай кәсіп жүргізуге бейім және қандай кәсіп ашады екен?

– Кәсіпкерлердің басым бөлігі облысымыздың табиғи-климаттық жағдайына байланысты ауылшаруашылық саласының төңірегінде шоғырланған. Сонымен қатар, көптеген жобалар сауда саласында және өңдеу өнеркәсібінде де ашылып жатыр. Ал, жаңадан кәсібін бастап жатқан жастарымыздың арасында қызмет көрсету және сауда салалары үлкен сұранысқа ие.

– Түркістан облысы бойынша қанша кәсіпкер бар?

– Түркістан облысы бойынша 2022 жылдың бірінші шілдесіне дейінгі есепте 155 073 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. Жалпы шағын орта кәсіпкерліктің экономикаға үлкен оң әсер беретінін білесіздер. Қазіргі таңда, осы жылдың қаңтар-наурыз айларында бұл үлес 18 % өсті, яғни 118,5 миллиард теңге көлемінде тауар шығарылды немесе қызмет көрсетілді.   

– Әдетте билік органдары, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, өрт қауіпсіздігі және т.б. тараптан тексерулер кәсіпкерлерге зиянын тигізіп жатқан жоқ па?

– Кәсіпкерлер палатасының басты функциясы – кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау болғандықтан, осы жылы құқықтарды қорғау бойынша 77 шағым түскен. Оның басым бөлігі жер мәселесіне байланысты болса, 9 шағым мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне байланысты. Ал, енді нақты кейстерге келетін болсақ, техникалық реттеу және метрология комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің, Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің кейбір іс-әрекеттері заңсыз деп табылып, кәсіпкерлерге салынған айыппұлдар алынып тасталды. Қазіргі таңда, 27 шағым оң шешімін тапты. Сонымен қатар, Атамекен кәсіпкерлер палатасының жанында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес жұмыс атқаратынын айта кеткім келеді. Жалпы, 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде шағын және микро кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жарияланған. Осыған байланысты, қазіргі кезде облыста заңсыз тексерулер азайып, кәсіпкерліктегі кедергілер төмендеген десем де болады.

– Мемлекеттік-жекешелік әріптестік Түркістанда қалай дамуда?

– Қазіргі уақытта, 195,9 миллиард теңгеге 184 жоба іске асырылған. Барлық жоба 2019-2021 жылдары келісім-шартқа отырған болатын. Жобалардың барлығы да сәтті түрде жүзеге асырылып жатыр.  

– Мемлекет шағын кәсіп иелерін қалай қолдап келеді? 

– Әрине мемлекет кәсіпкерлерді барынша қолдауға тырысып отыр. 2021 жылы алдағы 2025 жылға дейін қамтылған ұлттық жобада жұмыссыз азаматтарға арналған кәсіп ашу мақсатында 400 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде қайтарымсыз гранттар, жаңа бизнес идеяларды қолдау мақсатында бес миллион теңгеге дейінгі қайтарымсыз гранттар және кәсіп ашу немесе бар кәсібін дамыту мақсатында жеңілдетілген несиелер қарастырылған. Сонымен қатар, Агронесиелік корпорациядан, «Ырыс» микроқаржылық ұйымынан пайызы жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі бар. Краудфандинг алаңын қолдана отырып инвестиция тартуға да болады. Осы мәселе бойынша «Астана» халықаралық қаржы орталығымен» меморандумға қол қойылған. Экспортерлерге де көптеген қолдау құралдары қарастырылған. Мәселен, сырт елдерде өз өнімдерін сатуға кеткен шығындарын, өзге мемлекеттегі филиал мен өкілдіктер, сауда нүктелері мен тауар сақтайтын қойма шығындарын, сондай-ақ көлік, теңіз, жүк пойыздарымен, ұшақпен жеткізілетін шығындарды да өтеуге болады. Айталық, тауарларды шет мемлекеттегі пунктке дейін жеткізу бойынша шығындарды 75 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сомаға өтеуге болады. 

– Кәсіпкерлікті дамыту жөнінде Түркістанда қандай жобалар жүзеге асырылды?

– Биыл облысымызда жаңадан кәсіп бастағысы келетіндер, оның ішінде микробизнес, стартапер, «Бастау бизнестен» білім алған түлектер үшін жақсы мүмкіндік ашылды. Ол инвесторлардың көмегімен құрылған «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы. Жоба алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын ерекше атап өткім келіп тұр. Ұйымдастырылған жоба алаңында кәсіптің ішкі асханасын, құпия сырларын, бастаған істі дөңгелетіп әкетуге аймақтың тәжірибелі кәсіпкерлері де көмек көрсетеді. Қазіргі таңда, аталған жобаның үш маусымы өтті. 88,3 миллион теңгеге 23 жоба кәсіпкерлер тарапынан қолданып отыр. Одан бөлек, 2022 жылдың қаңтар айынан бастап 385 жобаға 12,7 миллиард теңгеге несие берілген. Биыл 218 кепілдендіру келісім-шартқа (сомасы 1,6 миллиард теңге) қол қойылған. Дамудың ашық деректеріне сәйкес, кепілдендіруге 2,3 миллиард теңге қаражат бар, ал несие пайызын субсидиялауға 252,6 миллион теңге қаражат бар.

– Түркістан облысында қандай салада кәсіпкерлер керек және қандай салаға зәру екенін айта кетсеңіз?

– Білесіздер, облысымызда ауылшаруашылық пен өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамуда. Осыған орай, ауылшаруашылық саласында терең өңдеу зауыттары қажет. Себебі, көптеген диқандарымыз өз өнімінің басым пайызын жоғалтуда. Сонымен қатар, туризм саласына да аса мән берген дұрыс. 

– Кәсіпкерлерді несиелеу мәселесі аясында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? 

– Жалпы, кәсіпкерлікті дамыту бойынша 2021-2025 жылдарды қамтыған  ұлттық жоба жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда, аталған жобамен әрбір кәсіп иесінің екінші деңгейлі банктерден 6% несие алу мүмкіндігі бар. Алайда білесіздер, банктер жекеменшік болғандықтан, өздерінің белгілі тәуекелдері болады. Сол себепті, несие беру үшін банктер жылжымайтын мүлікті кепілге қоюды сұрайды, соңғы жылдарғы табысыңызды есептейді, несие тарихыңызға мән береді. Жоба аясында «Микро және шағын кәсіпкерлікті қолдау» бағыты бойынша инвестициялық мақсаттарға 20 миллион теңгеден аспайтын, айналым қаражатын толықтыруға бес миллион теңгеден аспайтын несие алуға болады. Ломбардтардың, микроқаржы, факторингтік ұйымдардың және лизингтік компаниялар, сауда саласын қоспағанда, тамақ өнімдерін сатуға жол беріледі, салалық шектеусіз жүзеге асырылады. Кепілге қойылатын мүлік құны жетпеген жағдайда, Даму қорынан 50-85%-ға дейін кепілдік алуға болады. Мысалы, үйіңізді 20 миллион теңгеге есептесе, үйдің материалдарына, ахуалына қарай банк есептелген мүлік құнының 50-70% несие ретінде береді. Ұсынып отырған несие сомасы 10 миллион теңгені құрайды, ал сізге 20 миллион теңге қажет, ол жағдайда Даму қорынан қажетті 10 миллион теңгенің кепілдігін алуға болады.

Тағы бір айта кететін жайт, жобаның ішінде «Кәсіпкерлер/индустрия-инновациялық қызмет субъектілерін қолдау» дейтін бағыты бар. Бұл бағытта өз ісін енді ғана бастаған кәсіпкерлерге 360 миллион теңге көлемінде, ал бизнесі бұрыннан бар кәсіпкерлерге бір миллиард теңгеге дейінгі мөлшерде несие алу мүмкіндігі бар. Аталған несиелерді РБК Банк, Форте банк, Еуразиялық банк, Жусан банк, Халық банктерінен қарастыруға болады. 

– Қай ауданда кәсіпкерлер көп және дамыған? 

– Облыс бойынша ең алдымен Сарыағаш ауданы көзге түседі. Мұнда 16 949 кәсіпкер бар яғни (11%), ал Жетісай ауданында – 16 446 (10,6%), Сайрам ауданында – 16 384 (10,5%), Түркістан қаласында – 14 155 (9%),  Ордабасы ауданында – 11 332 (7,3%) кәсіпкер бар.

 – Кәсіп бастау үшін азаматтар нені білгені және неден бастағаны дұрыс?

– Жеке бизнесті ашуда ең маңыздысы жүйелі бизнес-жоспар құру. Кәсіп бастамас бұрын өзіңіз қай салада бастағалы тұрсыз, соны барынша терең зерттеп, бүге-шігесіне дейін білу, әр тиын шығынын есептеп алуыңыз қажет. Алғашқы салатын капиталыңыз бес айға шамамен кететін шығынды ескере отырып, есептегенде артығымен болғаны дұрыс. Кәсіп бастамақшы болған кәсіпкер әрине ең бірінші кәсібін заңдастырып алуы керек. Ол үшін алдымен өзі тұратын тұрғылықты жердегі салық органына тіркеліп, жеке кәсіпкер деген куәлікті алуы қажет болады.

Өзгелердің жаңалығы