Қазақстандық боксшы, WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы келесі титулдық жекпе-жегіне дайындықты бастады.
Спортшы сториске қысқаша «Бастадық» деп жазып, рингке оралу алдындағы жаттығу кезеңінің басталғанын хабарлады.
Еске салайық, өткен жылдың желтоқсан айында қазақстандық боксшының допинг-сынамасынан тыйым салынған мельдоний затының ізі табылған болатын.
Тергеу қорытындысы бойынша препарат спортшының ағзасына әдейі емес, сәуір айындағы жекпе-жектен кейін Қазақстандағы клиникалардың бірінде ем қабылдау кезінде түсуі мүмкін екені анықталды.
Соған қарамастан, Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) Әлімханұлының чемпиондық титулын сақтап қалды. Алайда оны 2026 жылдың 2 желтоқсанына дейін жекпе-жектерден шеттетті.
Қазір боксшы бұл шешімге ресми түрде апелляция берген. Boxing Social мәліметінше, спортшының командасы WBO шешімді қайта қарап, чемпионның рингке мерзімінен бұрын оралуына рұқсат береді деп үміттеніп отыр.
Жәнібектің өзі де X әлеуметтік желісіндегі соңғы жазбасында жанкүйерлер қызығушылығын арттырды. Ол жақын арада рингке оралуы мүмкін екенін меңзеп, қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғыс айтты және орта салмақтағы барлық чемпиондық белбеулерді біріктіру жолын жалғастыруға ниетті екенін жеткізді. Сонымен қатар WBO ұйымына құрмет білдірді.