Жәнібек Әлімханұлы: Чемпиондарға 100% дайынмын

21 Қазан 2020, 19:03
1642
Бөлісу:
Жәнібек Әлімханұлы: Чемпиондарға 100% дайынмын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (9-0, 5 КО) Forbes Kazakhstan басылымына берген сұқбатында әлем чемпионы титулы үшін жекпе-жек өткізуге дайын екенін айтты, деп жазады Prosports.kz сайты.

Мен чемпиондарға 100 пайыз дайынмын. Әркім өз деңгейін, өз шамасын жақсы біледі. Мен қазір кәсіпқой бокс мансабымның өте шыңдалған деңгейіндемін. Жасым 27-де. Құдайға шүкір, денсаулығым жақсы. Жарақат жоқ. Өз салмағымның кез келген чемпионын ұруға, белбеулерін тартып алуға шамам толық жетеді. Күніне 2 мезгіл, 6 сағат жаттығу залындамын. Әртүрлі спарринг қарсыластармен жұдырықтасып, мамандармен ақылдасып, мықтылармен кеңесіп дайындық жасап жүрмін. Жұма күні жекпе-жек өткіздім, дүйсенбі залға келіп жаттығуымда қайта бастадым. Маған демалу, қыдыру деген қызық емес. Менің бар ойым чемпиондық белбеу. Соған қол жеткізбейінше тоқтамаймын. Канело? Оған қарсы менде ондаған айла-тәсіл бар. Шыңдап, дайындап қойғанмын. Чарло? Оның Деревьянченкoмeн жұдырықтасуын көргендер оныншы раундта шаршап қалғанын да көрді. Андраде? Ашық бокстасады. Жақтарын ашық ұстайды. Қарсы соққыға оңай түседі. Мен жай бір-екі мысал ғана келтіріп отырмын. Барлық чемпионға тактикалық тұрғыдан дайынбыз. Залда құр тер шығарып, энергиямды тауысып жүрген жоқпын. Күн сайын чемпиондарға дайындаламын, - дейді боксшы.

Еске салайық, 9 қазанда Лас-Вегаста Жәнібек Әлімханұлы екінші раундта аргентиналық Гонсало Корианы (16-4, 6 КО) жеңген еді.

Өзгелердің жаңалығы