Жандарбек Мәлібеков: Ұлттық сананы қалыптастыруда ұлттық архитектураның маңызы зор

17 Қазан 2023, 19:39
5649
Бөлісу:
Жандарбек Мәлібеков: Ұлттық сананы қалыптастыруда ұлттық архитектураның маңызы зор
Фото: Ақорда

Мемлекеттік елтаңбаның авторы, белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібеков ұлттық архитектураның маңызы жөнінде пікір білдіріп, бұл бағыт ұлттық сананың қалыптасуына тікелей әсер ететінін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы ол Сенат жанындағы «Ұлттық мүдде» диалог алаңының отырысында айтты.

Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен өткен іс-шара бұл жолы «Әділетті Қазақстан және ұлттық құндылықтар» тақырыбына арналды.

Сана дегеніміз – біздің терең рухымыз бен дәстүрімізге табан тірейді. Сәулетші ретінде айтар болсам, бұл бағытта ұлттық архитектураның да маңызы зор. Біз Еуразия ұлттық университетінде ұлттық архитектура институтын аштық. Бұл қажетті әрі маңызды бастама. Себебі, қазіргі құрылыстардың бәрі кеңестік нормативпен салынып жатыр. Мұндай кезде біз өз дәстүрімізді, санамызды берік қалыптастыра алмаймыз. Өйткені, визуалды орта бізге ондай мүмкіншілік бермейді. Сондықтан ғылыми зерттеулер жүргізіп, соның негізінде ұлттық архитектураны басымдыққа ала отырып, Астанадан шағын аудан салу керек дей ойлаймын. Бұл адамның санасына тікелей әсер ететін факторлардың бірі, – деді Жандарбек Мәлібеков.

Жиында ақын, ғалым, имиджеология курсының авторы Оңайгүл Тұржан ұлттық имиджді ақпараттық шабуылдардан қорғау және дәріптеу маңызды екенін айтты. 

Ондай шабуылдар, бірінші кезекте, сыртқы формаларды насихаттау арқылы жасалатынын жеткізді.

Маршал Г. Жуков «Әскери киім – ерлік жасауға ұмтылдыратын алғашқы қадам», деген екен. Яғни, сыртқы жаңа форма ішкі мазмұнды, ішкі ұғымды сол форманың сипатына, идеясына қарай өзгертеді. Демек ешқандай сөз айтпай-ақ, өз идеяңды сыртқы форма арқылы да таратуға болады. Сондықтан, біз, бірінші кезекте, сыртқы ұлттық имиджге селкеу түсірмеуіміз керек. Сыртқы форма түріндегі ұлттық элементтері бар киім, тұрмыстық заттар, т.б. дүниелерді сәнге айналдару амалдарын табу визуалды қоғам үшін аса маңызды, - деді Оңайгүл Тұржан.

Өзгелердің жаңалығы