Жаңатастағы жағдай: жұмысшылар зауыттың тоналып жатқанына наразы

14 Сәуір 2023, 20:00
1238
Бөлісу:
Жаңатастағы жағдай: жұмысшылар зауыттың тоналып жатқанына наразы
Фото: jambylinfo.kz

Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлдары бақылайтын «Қазфосфат» зауытының жұмысшылары ереуілге шықты, деп хабарлайды  Жабыл облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

13 сәуір күні Жамбыл облысы аумағында орын тепкен «Қазфосфат» зауытының Жаңатас қаласындағы филиалы – «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің жүздеген жұмысшысы көшеге ереуілге шықты. Желіге тараған бейнежазбаларға қарағанда, жұмысшылар еңбек жағдайын жақсарту және жалақыны көтеру талаптарын көтерген.

Олар бұл мәселеде саясат жоқ екенін, тек еңбек жағдайына ғана алаңдайтындарын атап өткен.

Сондай-ақ олардың жұмысты тоқтатып, шерулетіп кетіп бара жатқаны көрсетілген.

Кадрлық «бизнесті» тоқтатуларын басшылықтан сұрадық. Бізде ешқандай саяси талап жоқ. Саясат бізге керек емес. Айлық жалақымыз, жұмыс жағдайымыз жақсарсын. Содан кейін өткенде жұмысшыларды 50 пайыз жергілікті халықтан аламыз деген. Екіншіден, инфляцияны үкімет қанша айтады – соны біз қосамыз деген. Осы уақытқа дейін қосылған жоқ. Біз артық ештеңе талап етіп отырған жоқпыз. Бүгін бензин қымбаттады. 21 пайыздық инфляциялық айырманы айлыққа қоссын, - дейді жұмысшылардың бірі.

Жұмысшылардың тағы бірі мұның бейбіт митинг екеніне сендірді. Басшылар тарапынан ешқандай шешім жоқ екенін де алға тартты.

Алдындағыдай құрғақ уәде, - дейді ол.

Ивестор келгеннен кейін қаржы құямын деп келеді. Дұрыс па? Бұл жерге тонауға, ұрлауға келген сияқты, істеп тұрған фабриканы тонап тастады. Соның бәрі тоқтатылсын! Мына жердегі «галерея» толығымен кесіліп кетті, - дейді үшінші еңбеккер.

Осы оқиғадан соң Парламент Мәжіліс депутаты, Гүлдара Нұрымова жұмысшылардың талап-тілегін тыңдау үшін шұғыл түрде Әулиеата өңіріне жұмыс сапарымен шығатындығын хабарлады.

Құрметті жерлестер! Жаңатастағы жағдай бойынша жұмысшылардың талап-тілегін тыңдау – міндетім. Сол үшін Сарысу ауданына жолға шығамын. Таңертең жедел түрде Астанадан ұшатын боламын, - деп жазды ол өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына.

Ал Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы Сарысудағы «Қазфосфат» жұмысшыларының наразылыққа шыққанына қатысты түсініктеме берді.

Сағат 12:30-да Жамбыл облысының Сарысу ауданында «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің ғимаратында «Қазфосфат» ЖШС директорының орынбасары Е.Сариевтің, сондай-ақ аудандық мәслихат депутаттарының қатысуымен осы кәсіпорын қызметкерлерінің (шамамен 150 адам) жиналысы аяқталды, - деп хабарлады басқарма.

Сонымен қатар, кездесу нәтижесінде кешен жұмысшыларының бұрын ұсынған әлеуметтік тұрмыстық талаптарын шешу үшін татуластыру комиссиясын (әр цехтан 5 өкіл және аудандық мәслихат депутаттары) құру жөнінде жалпы шешім қабылданған. Комиссия төрағасы болып «Қазфосфат» ЖШС директорының орынбасары Е.Сариев сайланған.

Еңбек инспекциясының басқармасы хабарлауынша, қоғамдық-саяси жағдай тұрақты.

Келіссөздер нәтижесінде жұмысшылар қойған 7 талаптың 6-уы қанағаттандырылды. Соның ішінде жалақыны 30 мыңға көтеру маусым айында орындалмақ. Ал, «Қаратау» тау кен өңдеу кешені директоры М.Макишовты және басқаларды қызметтен босату туралы мәселе алдағы уақытта қарастырылады.

Алайда, жалақыны 21 пайызға көтеру бойынша келіспеушіліктер туындауда. Жұмысшылар жалақыны көтеруді талап еткенімен, кәсіпорын әкімшілігі тарапынан сыйақы беру ұсынылуда. Бұл тармақ бойынша «Қазфосфат» ЖШС директорының орынбасары Е.Сариев серіктестік басшылығымен келісу үшін 10 күн уақыт сұрады.

Өзгелердің жаңалығы