Елімізде жанар-жағармай бағасы біртіндеп қымбаттайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналист вице-министрге "2026 жылдың тамызына дейін бензин мен дизельдің бағасы ай сайын 4 теңгеге қымбаттап отырады деген ақпарат тарады. Бұл рас па?" деп сауал қойды.
Сұңғат Есімханов бензин мен дизель бағасы бақылауда екенін айтады.
Үкіметте және бәскелестікті қорғау комитеті де мәселені бақылауда ұстайды. Біріншіден, оның (еск- бензин мен дизелдің)тез өсіп кетуіне жол берілмейді. Онымен қоса, болашақта газ тапшылығы болмауы үшін сол өндірісті дамыту қажет. Мәселен, қазір сұйытылған газдың бір тоннасының құны 65 мың болса, біз оны нарықтың бағасымен 45 мың теңгеден сатып жатырмыз. Сондықтан өнімді өндіретін мекемелердің шығынын жабу үшін болашақта бірте-бірте ғана көтерілмек, - дейді Есімханов.
Кейін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев әріптесінің сөзіне қосылып, мәселенің кезең-кезеңімен шешілуі керегін айтты.
Бұған дейін Қанат Бозымбаев ауылдық жерлерді дамыту үшін не істеліп жатқанын айтқан болатын.