Жаңақорғанда құс фабрикасының құрылысы басталды

24 Наурыз 2022, 21:41
2146
Бөлісу:
Жаңақорғанда құс фабрикасының құрылысы басталды

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жаңақорған ауданында «Абдулла» шаруа қожалығы құны 3,9 миллиард теңге болатын құс фабрикасының құрылысын бастады. Оның 2,8 миллиард теңгесі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, қалғаны кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен жүргізілуде. Кәсіпорын облыс тұрғындарын құс етімен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. 

Құс фабрикасы 2023 жылға қарай толық қуатында жұмыс істей бастайды, жылына 3500 тонна құс етін өндіреді. Шаруашылыққа мемлекет малға азықтық дақылдарды өсіруге жер берген. Жергілікті тұрғындар үшін 120 жұмыс орны ашылады. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары жүріп жаты», - дейді фермер Ерлан Пірманбетов. 

Соңғы уақытта Қызылорда облысындағы Жаңақорған кентінде халық санының айтарлықтай өскені байқалады. Мәселен, «Ипподром» шағын ауданы мен оған іргелес аумақта қазірдің өзінде он мыңға жуық адам тұрады, бұл қазір облыстың аудан орталықтарының бірінде тұратын тұрғындардың санымен шамалас. 

Аудан халқының демографиялық өсімі жақсы, бірақ ол басқа да маңызды мәселелерді шешуді талап етеді. Соның бірі – жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысы. «Ипподром» ықшам ауданының оқушылары әлі күнге дейін тұрғылықты жерінен біршама қашықтықта орналасқан мектепке қатынауға мәжбүр. Әрине, балаларды мектепке жеткізу үшін көлік ұйымдастырылған, бірақ бұл мәселені түбегейлі шешпейді.

Жақында аталған мәселе бойынша жақсы жаңалық болмақ. Қызылордалық «Авангард ПГС» ЖШС сметалық құны 949 миллион 504 мың теңге болатын 300 орындық жаңа мектеп ғимаратының құрылысын бастады. Құрылыс компаниясының басшысы Расул Ысқақов журналистерге 140 адам жұмыспен қамтылған құрылыстың барысымен таныстырды. Сондай-ақ, жаңақорғандық жұмыссыздарды облыстық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа алуға дайын екенін жеткізді. Қуаныштысы, құрылыста қолданылатын құрылыс материалдарының басым бөлігі жергілікті жерде өндіріледі. Мысалы, кірпіш Қызылордадан, цемент Шиеліден, қиыршық тас-құм қоспасы Жаңақорғаннан әкелінеді. Осының барлығы облыстағы құрылыс саласының үдемелі дамып келе жатқанын көрсетеді.

Саяжай шағын ауданына әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер салу үшін 300 гектар жерге егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Мұнда алдағы уақытта тек мектеп емес, бюджеттің мүмкіндігіне сай басқа да әлеуметтік нысандар салынады, - дейді аудан әкімі Руслан Рүстемов.

Өңірде агробизнесті дамыту бойынша да көш бастап тұр. Мұнда ұсақ мал шаруашылығын дамытуға арналған «50 ауыл» пилоттық жобасы сәтті жүзеге асырылды. Егін шаруашылығында да ілгерілеушілік бар. Мейрамбек Әсенов жетекшілік ететін «Арай» шаруа қожалығы судың аздығынан ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру бағытын ұстанған. Мұнда жоңышқа, күздік бидай, мақсары алқаптары ұлғайтылды. Олар күрішке қарағанда ылғалды әлдеқайда аз қажет етеді және нарықта бұл дақылдарға сұраныс айтарлықтай жоғары.

Биыл суармалы судың жағдайы қалай болмақ? Сыр елінің барша диқандары сияқты жаңақорғандық диқандар да бұл мәселеге алаңдаулы. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов облысымызға жұмыс сапары барысында ауданның аграрийлері Келінтөбе магистралды каналын тазалауға көмек көрсетуді сұраған болатын. Қазір «Қазводхоз» РМК осы каналдың Көктөбе ауылының іргесіндегі 9 шақырымдық бөлігін тазарту жұмыстарын жүргізуде. Гидротехникалық жұмыстарға 6 экскаватор, екі жүк тиегіш, 4 жүк көлігі жұмылдырылған. Бұл суару мәселесін түбегейлі шешіп бере ме, жоқ па, әрине, уақыт көрсетеді, бірақ ешкім де қол қусырып отыра алмайды. Бұл ретте шаруа қожалықтары шаруашылық аралық каналдарды тазарту жұмыстарын жандандырмақ. 

Өзгелердің жаңалығы