Жаңаөзен аумағында апталап жиналған қоқыстар шығарылып жатыр

7 Сәуір 2022, 19:05
1768
Бөлісу:
Жаңаөзен аумағында апталап жиналған қоқыстар шығарылып жатыр

Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қала тұрғыны көшеде үйілген күл-қоқыстан бірнеше тәулік жатқанын аймақ әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасына жолдаған. 

Айтуынша, желді күндері тұрмыстық қатты қалдықтар көкке көтеріліп, қаладағы шағын аудандарға шашылған. Ғаламтор қолданушының шағымына жергілікті тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері жауап берді. 

Жаңаөзенде қоқыстарды шығарумен айналысатын мекеме өз қызметін наурыз айының соңында уақытша тоқтатқан. Коммуналдық кәсіпорын жұмысы 4 сәуірде қайта жанданды. Қазір қала аумағында тұрмыстық қалдықтардан тазарту жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр, - делінген ресми жауапта. 

Айта кетейік, биылғы жылдың наурыз айында мұнайшылар қаласының тазалығын қадағалауға жауапты шенеунік жазаланған. Өңірлік экология департаменті өзіндік лауазымдық қызметін толық деңгейде атқармағаны үшін қала әкімінің орынбасары Берік Ізғалиевке әкімшілік іс қозғады. Оған 100 айлық-есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 306 мың теңгеге айыппұл салынды. 

Жаңаөзен қаласында тек 4 қана орын тазаланған. Алайда белгілі бір орындарға тапсырылғандығы туралы ақпараттар жоқ. Олар тек барлығын бір жерге жинақтап, сосын барып жою жұмыстарын жасайын деген. Негізгі уақыт тамыз айына дейін болатын. Соны уақытында орындамағаны үшін Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары заңның 344-шы бабының 2-ші тармағы бойынша жауаптылыққа тартылды, - деп мәлімдеді аймақтың экология департаменті басшысының орынбасары Айдос Жүсіпов.

2021 жылы Маңғыстау облысында  ғарыштық мониторинг арқылы 103 рұқсат етілмеген жерге қоқыс төгілгені анықталған болатын. Соның 38-і Жаңаөзен аумағынан табылды. Уәкілетті орган аталған қоқыс алаңдары тез арада жойылмаған жағдайда жауапты тұлғаға заң аясында шара қолданылатынын ескерткен. 

Өзгелердің жаңалығы