Жаңаөзен аумағында 38 заңсыз қоқыс төгілген нүкте анықталды

29 Тамыз 2021, 16:25
2166
Бөлісу:
Жаңаөзен аумағында 38 заңсыз қоқыс төгілген нүкте анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысында заңсыз төгілген үйінділерді анықтау және санитарлық тазарту жұмыстары жалғасуда. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ дерегі бойынша жыл басынан бері ғарыштық бақылаудың көмегімен аймақта 141 рұқсат етілмеген жерге қоқыс төгу фактісі анықталған.

Жергілікті атқарушы органдар қазір тұрмыстық қатты қалдықтар төгілген 108 нүктені тазалаған. Билік өкілдері экологтармен бірге заңсыз төгілген үйінділерді тазалап үлгермей жатқанда, өкінішке қарай, жаңадан қоқыс төгілген орындар пайда болуда.

Спутник көмегімен заңсыз полигондарды суретке түсіру тәжірибесі 2018 жылдан бері қолға алынған. Мәселен биылдың өзінде анықталған заңсыз қоқыс алаңының үштен бірі Жаңаөзен аумағынан табылып отыр, атап айтқанда 38 нүкте бар. Әзірге оның тек екеуі ғана «ӨзенМұнайГаз» АҚ көмегімен тазартылған.

Жаңаөзен қаласында бір аптаның ішінде барлық рұқсат етілмеген қоқыс алаңы жойылуы тиіс. Қала маңында рұқсат етілмеген 36 нүкте әлі тазаланбаған. Қоқыс үйінділері тазаланбаған жағдайда Маңғыстау облысының экология департаменті Жаңаөзен қаласы әкімдігіне айыппұл салуға мәжбүр болады.

Өз кезегінде Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Берік Ізғалиев жақын арада заңсыз қоқыс төгілген жерлер тазартылады деп сендірді. Қазіргі уақытта ауыр техникасы бар кәсіпорындармен келіссөздер жүргізілуде.

Өңірде стихиялық қоқыс үйінділерін тазарту бойынша айлық өтіп жатыр. Рұқсат етілмеген полигондардың орналасқан жерлерін анықтау және жою жұмыстары аясында біздің экологтардың, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының, жергілікті полиция қызметінің, Ақтау қаласы әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі өкілдерінің қатысуымен рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді, - деді облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Сағдат Хансейітов.
Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Есенқос Әділбаев, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру өзектілігін жоғалтпағанын айтады. Әсіресе әрбір тұрғын қалдықтарды бөлек жинаудың маңыздылығын және санитарлық ережелерді сақтауды әрдайым есте сақтау ауадай қажет деген пікірде.
Өздігінен көрінген жерге қоқыс тастау дұрыс емес. Мұндай деректерді анықтау оңайға соқпайды, себебі басым бөлігі қоқысты түнгі мезгілде шаһардың сыртына апарып тастайды. Осылайша заңсыз қоқыс полигондары көбейіп отыр, олар өздігінен пайда болмайды. Жалпы кімде-кім тазалық мәселесіне жауапкершілікпен қарағаны абзал, - дейді Есенқос Естөреұлы.
Белгілі эколог Әділбек Қозыбақов бұған дейін құқық қорғау органдары рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастағандарға қатысты жазаны қатаңдату қажеттігі туралы бірнеше рет жазған болатын. Яғни қоқыс үйіндісін көбейтіп жүргендер әділ жазасын алуы керек. Бұл ретте полицейлер үлкен рөл атқара алады, өйткені осындай заңсыз әрекетке баратындардың басым бөлігі жеке тұлғалар, ал оларды жауапкершілікке тарту тек тәртіп сақшыларының ғана құзыретіне кіреді.

Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Берік Ізғалиевтің айтуынша, экология мәселелері әкімдіктің жұмысындағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Мәселен, жақында Жаңаөзен шаһарында қалдықтарды сатып алатын алғашқы эко-пункт ашылған. Кәсіпкер күніне жергілікті тұрғындардан бір тоннаға жуық қоқыс сатып алады екен. Ал эко-пунктке келушілердің дені балалар мен жасөспірімдер. Осылайша олар еңбек етуге үйренеді және табыс табуға мүмкіндігі бар. Алғашқы айдың өзінде эко-пункт тұрғындардан 15 тоннаға жуық қоқыс сатып алған. Макулатураның әр келісі 20 теңге болса, алюминий банкілер 80 теңгеден қабылданады.

Эко-пункт қалада қоқыс көлемін азайтуға және таза ұстауға азда болса көмегін тигізуде. Алдын-ала талдау жүргізілген. Тапсырылған 15 тонна қалдықтың жартысы картон қораптар, 37% пластик және 13% алюминий банкілер. Кәсіпкер қазірдің өзінде қалдықтарды өңдейтін зауыттармен ынтымақтастық орнату бағытында жұмыстанып жатқан көрінеді. Сонымен қатар болашақта қоқыс үйінділерін болдырмау мақсатында әкімдік инвесторлармен келіссөздер жүргізбекші, яғни инвестиция салғысы келетін кәсіпкерлік субъектілерін қолдау үшін әкімдік тарапы жер телімін беруге және басқа да сұрақтар бойынша қолдау көрсетуге дайын, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы