Мәжіліс «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы мәдени орталықтарды өзара құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева заң жобасының негізгі мақсатын түсіндірді.
Министр атап өткендей, Мемлекет басшысының Қытай Халық Республикасымен достық пен әріптестікке негізделген саясатының аясында қазір бірқатар үлкен бастамалар көтеріліп отыр. Соның бірі - Астана мен Бейжіңде өзара Мәдени орталықтар ашу туралы шешім.
Осы орайда Қазақстанның Қытайдағы мәдени орталығы тарихымызда алғаш рет ұлтымызды аспан асты еліне кеңінен танытудың, екі ел арасындағы рухани байланысты жаңа деңгейге көтерудің, өзара халықаралық мәдени-гуманитарлық жобаларды іске асырудың ірі әрі толыққанды ошағына айналдыру көзделіп отыр. Қазіргі таңда біздің министрлік тарапынан бұл Орталықтың концепциясы жасалып, мазмұны айқындалған, - деді Балаева Мәжілісте сөйлеген сөзінде.
Мәдени орталықта қандай залдар болады:
- кино көрсетілімдері мен концерттік қойылымдарға арналған көпфункционалды зал;
- білім беру курстары, тренингтер, шығармашылық кездесулер өткізетін арнайы кеңістігі бар коворкинг орталығы;
- көрмелер өткізуге қолайлы экспозициялық мультимедиялық алаңша;
- еліміздің туристік әлеуетін көрсететін арнайы туризм бұрышы орналасады.
Міне, осыларды ойдағыдай іске асыру үшін министрлік “Өзара мәдени орталықтарды құру” туралы заң жобасын жасап, назарларыңызға ұсынып отыр, - деп айтты Аида Балаева.