Блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот процесінде алғашқы куәгерден жауап алынды. Сотта жүлде ұтысын өткізуге арналған сайтты әзірлеген IT-маман Сұңғат Өтеболатов жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Куәгердің айтуынша, ол қатысушылар “сәттілік барабаны” деп аталатын функцияны айналдырып, ұтыс нәтижесін көре алатын арнайы платформаны жасаумен айналысқан.
Соттағы жауап барысында ол сайтты әзірлеу үшін қандай ақы келісілгенін де айтты.
Жобаның жалпы құны 10 миллион теңге болады деп айтылды. Соның мен шамамен 7 немесе 8 миллион теңгесін алдым, – деді Өтеболатов.
Оның сөзінше, атқарған жұмысы үшін келісілген соманың толық көлемі төленбеген.
Бұған дейін 13 наурызда Астанада танымал блогерлер Жанабыловтарға қатысты алдын ала сот тыңдалымы болғанын хабарладық.
Белгілі болғандай, Жанабыловтарды сотта басқа адвокат қорғайды.
Сот отырысында Жанабыловтарды үйқамақта ұстау шешімі өзгеріссіз қалдырылды.
Министр Ербол Мырзабосынов блогер Жанабыловтардың конкурсына байланысты туындаған дау жөнінде пікір білдірген.
Айта кетейік, жыл басынан бері құзырлы орган 34 блогердің заңсыз онлайн-ойындарды жарнамалауға қатысы барын анықтады.
Астанада блогер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайының ісі бойынша адвокат сот шешімін заңсыз деп атап, шешімге апелляция берілген болатын.
Әкімшілік істен қылмысқа дейін ұласқан "Жанабыловтар ісі" қоғамға қалай әсер еткені жайлы арнайы шолуымызды мына жерден оқи аласыздар.
ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілері бойынша блогерлер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтап, олардың үйқамаққа алынғанын хабарлаған болатын.
Прокурор Жанабыловтар лотереяны рұқсатсыз ұйымдастырғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сотта тергеу басталды.