Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі Сенат отырсында Мәжіліс мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі және қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы қаралды.
Заң жобасы Президент Қасм-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сатып алуды жетілдіру, оның ішінде оларды өткізуді орталықтандыру, тиімділігін арттыру, ашықтығын арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, заң жобасы төрт негізгі түзетуден тұрады. Біріншісі, бір көзден сатып алуды қысқартуға бағытталған. Екіншісі, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған. Үшінші – мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы жетілдіруге, ал төртіншісі жер қойнауын пайдаланушылардың табиғи монополиялар субектілерін сатып алуларын, байланыс, автомобиль көлігі мен қорғаныс саласын реттеуе бағытталған.
Бір көзден сатып алуды қысқарту бойынша заң жобасында шарт жасасудың 52 негізінен 4 негізін алып тастау ұсынылады. Қазір бірқатар негіз іс жүзінде қолданылмайды. Ал мемлекеттік білім беру тапсырысы шын мәнінде мемлекеттік сатып алуға жатпайды. Сондықтан мемлекеттік білім беру тапсырысын алып тастау бір көзден сатып алу көлемін едәуір қысқартады. Мәселен, былтыр білім беру тапсырысы 740 млрд теңгені құрады, - деді министр.
Сонымен қатар ол мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасу заңның 39-бабы 3-тармағының 42-тармақшасы шеңберінде көптеп жүргізілетінін жеткізді. Бұл маңғыздылығы төмен сатып алулар саны жағынан бір көзден сатып алулар көлемінің едәуір бөлігін құрайды. Ол 80-90 пайызға дейін жетеді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне бейім келеді.
Осыған байланысты заң жобасы мен 100 АЕК-ке дейінгі тауарларды, сондай-ақ 500 АЕК көрсеткішке дейінгі жұмыстар мен көрсетілген қызметтерді сатып алуға байланысты негіздемені алып тастау ұсынылады. Бұл ретте аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кент, ауылдық округ әкімдіктері тарапынан тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді 3000 АЕК дейін сатып алу мүмкіндігі сақталады, - деді Ерұлан Жамаубаев.