Жаңа заң шағын және орта бизнеске қатысты кезекті жазалау құралы болмауы тиіс – сенатор

22 Ақпан 2024, 11:56
344
Бөлісу:
Жаңа заң шағын және орта бизнеске қатысты кезекті жазалау құралы болмауы тиіс – сенатор
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенат отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы белгілеген басты міндеттердің бірі - елімізде қолайлы бизнес-климатты қамтамасыз ету қажеттілігі болған.

Қойылған міндетті іске асыруға әсер етуші қадамдардың бірі бүгін қарастырылып отырған заң екені сөзсіз. Бірінші кезекте, кәсіпкерлік қызметті реттеу мен қорғаудың жаңа тетіктерін енгізуге бағытталудың арқасында. Заң мемлекеттік бақылау мен қадағалау форматын жетілдіреді, заңнамалық деңгейде жедел әрекет ету шаралары регламенттеледі. Сонымен қатар, бұл шаралар шағын және орта бизнеске қатысты кезекті жазалау құралы болмауы тиіс, - деді сенатор Сүйіндік Алдашев.

Сенатор заңның барлық маңыздылығына қарамастан, оның жекелеген нормалары депутаттық корпуста елеулі алаңдаушылық туғызатынын атап өтті.

Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына төменгі және шекті бағаларды белгілеу тетігінің жойылуына байланысты. Жасыратыны жоқ, бұл шара жеткілікті деңгейде тиімді болмады және жергілікті атқарушы органдар мен халық тарапынан көптеген дау туғызды. Енді Үкімет шекті сауда үстемесін бақылауды күшейтуді ұсынады. Алайда, сауда үстемесінің қолдану тәртібі анықталмағандықтан бұл іс жүзінде қалай жүзеге асырылатыны түсініксіз болып отыр, - деді сенатор.

Сондай-ақ, сенатор тағы бір назар аудару керек мәселеге тоқталды. Ол ішкі сауда субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын көрсету жөніндегі бастама.

Айта кету керек, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлік субъектілерінің ең көп үлесі немесе 37%-дан астамы сауда саласында қызметті жүзеге асырады. Сондықтан Үкіметке қолдаудың осы түрін көрсетудің нақты шарттарын, тетігі мен тәртібін айқындау маңызды деп санаймыз. Мемлекеттік көмек ірі қалалардағы сауда ойын-сауық орталықтарын кеңейтудің орнына, әсіресе ауылдық жерлерде сауданың қазіргі заманғы форматтарын дамытуға, отандық өнімді ішкі нарықта ілгерілетуге ықпал етуі тиіс,-деді сенатор.

Өзгелердің жаңалығы