Бұл туралы бүгін өткен Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, жергілікті бюджет шығыстарын объективті есептеу ескерілген.
Бұл ретте, жергілікті бюджеттердің шығыстарын объективті есепке алуға мүмкіндік беретін өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жай-күйі арасындағы айырмашылықтарды негіздейтін салалық коэффициенттер жаңартылды. Бұл жоспарлы кезеңде олардың бюджеттік қамтамасыз етілуін теңестіру үшін өңірлердің ағымдағы шығындарының болжамын орта есеппен 1,1 трлн теңгеге немесе 23%-ға арттыруға мүмкіндік берді, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар министр заңда үш донор өңір белгіленгенін айтты.
Аталған тәсілдерді ескере отырып, заң жобасында үш донор өңір – Астана және Алматы қалалары, Атырау облысы белгіленді, олар бойынша бюджеттік алып қоюлар: 2023 жылы – 432 млрд теңге; 2024 жылы – 469 млрд теңге; 2025 жылы – 504 млрд теңге көлемінде айқындалған. Қалған 17 өңір бойынша бюджеттік субвенциялар көлемі: 2023 жылы – 5,0 трлн теңгені, 2024 жылы – 5,3 трлн теңгені, 2025 жылы – 5,8 трлн теңгені құрады. Заң жобасының негізгі бағыттары осындай. Заңды уақтылы қабылдау жергілікті тұрғындарды кепілдендірілген мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз етуге арналған жергілікті бюджеттердің жоспарлы кезеңдегі теңгерімділігін сақтауға мүмкіндік береді, - деді «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың 2023-2025 жылдарға арналған бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобасын таныстырған Әлібек Қуантыров.