Жаңа ұшақтар, жаңа мүмкіндіктер: Қазақстан авиациясына қандай инвестиция қажет?

10 Қыркүйек 2026, 12:15
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков 10 Қыркүйек 2026, 12:15
10 Қыркүйек 2026, 12:15
105
Фото: ©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Air Astana 65 ұшаққа тапсырыс берген. Компания басшысының айтуынша, оған 14–15 миллиард доллар қажет. Ал Ақтау халықаралық әуежайы әуе, теңіз және құрлық тасымалын байланыстыратын логистикалық орталыққа айналуды көздеп отыр. Бұл жоспарларды жүзеге асыру үшін қаржыдан бөлек қандай жағдай керек? Astana Finance Day аясындағы отырыста сала өкілдері осы мәселені талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан үшін әуе қатынасы неге маңызды?

Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева авиацияның Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар екенін айтты. Ел аумағының кеңдігі мен дүниежүзілік мұхитқа тікелей шығатын жолдың болмауы әуе қатынасын дамытуды қажет етеді.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Қазақстан аумағы жағынан әлемде тоғызыншы орында тұр. Сонымен қатар теңізге тікелей шыға алмайтын ең ірі мемлекет саналады. Осыны ескерсек, авиацияның еліміз үшін стратегиялық маңызы зор, – деді Салтанат Томпиева.

Оның айтуынша, Қазақстан авиация қауіпсіздігі, жолаушы және жүк тасымалы бойынша өңірде көш бастап келеді. Комитет төрағасы бұл ретте қауіпсіздік саланың басты басымдығы болып қала беретінін атап өтті.

Әуе қатынасын кеңейту үшін тасымалдаушылардың да, әуежайлардың да мүмкіндігі жеткілікті болуы керек. Отырыста сөз алған компания басшылары осы екі бағыттағы жоспарларын таныстырды.

Air Astana-ға 14–15 миллиард доллар не үшін қажет?

Air Astana әуе компаниясының бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел өсімді қаржыландыру туралы сұраққа жауап бере отырып, компанияның 65 әуе кемесіне тапсырыс бергенін мәлімдеді.

Бізде 65 әуе кемесіне тапсырыс бар. Оған 14–15 миллиард доллар қажет, – деді ол.

Жанлыел компанияның дамуында акционерлердің қаржылай қолдауы маңызды болғанын айтты. Мемлекеттің қолдауына да тоқталып, бұған дейін әуе кемелерін қаржыландыру үшін экспорттық-импорттық кредиттер пайдаланылғанын жеткізді.

Алайда ұшақ сатып алу тасымалды арттыруға қатысты барлық мәселені шешпейді. Компания басшысының айтуынша, даму жоспарына сай әуежайлардың өткізу қабілеті де өсуі қажет.

Бұл мәселе әуе тасымалдаушысы мен әуежай жұмысын қатар қарастыруды талап етеді. Жаңа ұшақтарды қабылдайтын, оларға қызмет көрсететін инфрақұрылым дайын болғанда ғана тасымал мүмкіндігін толық пайдалануға болады.

Қиындықтардан кейінгі өсу

Ибрахим Жанлыел соңғы жылдары компанияның бірнеше күрделі кезеңді бастан өткергенін айтты. COVID-19 пандемиясы бүкіл әлемдегі әуе тасымалдаушыларының жұмысына әсер етіп, олардың өзгерістерге бейімделу қабілетін сынаған.

2021 жылдың бірінші жартысы оңай болған жоқ. Дегенмен бұл кезең бізге бұрынғыдан да мықты болуға мүмкіндік берді, – деді ол.

Оның сөзінше, пандемия кезіндегі тәжірибе кейінгі қиындықтарды еңсеруге де көмектескен. Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғаннан кейін компания жұмыс құрылымын жедел қайта қарауға мәжбүр болған.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Жанлыел осы өзгерістерге қарамастан, компанияның өсуге ұмтылатынын жеткізді. Air Astana өңірдегі мүмкіндіктермен қатар, одан тыс нарықтардың әлеуетін де қарастырып отыр. Компания басшысы бұл тұрғыда Орта дәліздегі әуе қатынасының орнына назар аударды.

Орта дәліздегі авиацияның орны қандай?

Ақтау халықаралық әуежайының бас директоры Меруерт Жолдыбаева да осы тақырыпты жалғастырды. Оның айтуынша, Орта дәліз аясында негізінен теңіз және теміржол тасымалы сөз болады. Ал авиацияның мүмкіндігі әлі толық пайдаланылып отырған жоқ.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Авиация, өкінішке қарай, Орта дәлізбен әлі толық байланысқан жоқ. Географиялық орналасуымыз — тек Ақтау әуежайының емес, Қазақстандағы басқа да өңірлік әуежайлардың негізгі артықшылығы, – деді Меруерт Жолдыбаева.

Ол Ақтаумен қатар Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан әуежайларының да көліктің бірнеше түрін байланыстыратын тасымал жүйесіне қатысуға мүмкіндігі бар екенін айтты.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Спикер Қазақстанда теміржол, автожол және теңіз порттарына инвестиция салынып жатқанын атап өтті. Соның ішінде Құрық портындағы жобалар Каспий арқылы Бакумен байланысты дамытуға ықпал етеді. Ендігі мәселе — әуе қатынасын осы желімен ұштастыру.

Ақтау әуежайы қандай бағытта дамиды?

Меруерт Жолдыбаева Ақтау әуежайындағы инфрақұрылымдық жобаны мемлекет пен жеке сектордың бірлескен жұмысына мысал ретінде келтірді. Оның сөзінше, Қазақстанның Даму банкі қатысқан жоба әуежайды дамытуға мүмкіндік берген.

Әуежай басшысы ірі қаржы институттарының қолдауы алдағы жоспарлар үшін де маңызды екенін жеткізді. Бұл ретте әңгіме бір әуежайды кеңейту туралы ғана емес, Қазақстандағы әуежайларды өзге көлік бағыттарымен байланыстыру жөнінде болып отыр.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Ақтау үшін теңізге жақын орналасуы мен порт инфрақұрылымы — жүк тасымалын дамытуға қолайлы жағдай. Ал Қытай мен Еуропа арасындағы сауда байланыстары логистикалық қызметке сұраныс туғызады.

Жолдыбаева портқа байланысты жүк тасымалы сұранысының шамамен 3–5 пайызын авиация арқылы қамту мүмкіндігін қарастыруға болатынын айтты. Ол мұны алдағы даму әлеуеті ретінде атап өтті.

Біз тек жолаушы немесе жүк тасымалына назар аударып отырған жоқпыз. Қазір әуежай Орта дәліз аясындағы логистикалық байланысты қамтамасыз ететін индустриялық орталыққа айналатын кезеңге келдік, – деді әуежай басшысы.

Осылайша, Ақтау әуежайы рейстерге қызмет көрсетумен шектелмей, әуе, теңіз және құрлық тасымалын байланыстыратын орталық ретінде дамуды көздеп отыр.

Қаржы мен инфрақұрылым қатар қажет

Отырыста айтылған жоспарлар авиацияға қажетті инвестицияның ауқымын көрсетті. Air Astana ұшақ паркін кеңейтуге қаржы іздесе, Ақтау әуежайы жүк тасымалын дамытып, Орта дәлізге кірігуді көздейді.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Екі бағыт та бір-біріне тәуелді. Әуе компанияларына жаңа ұшақ қажет болғанымен, әуежайлар өсетін тасымал көлеміне дайын болуы керек. Ал әуежай инфрақұрылымына салынған инвестиция тұрақты рейстер мен жүк ағыны болғанда нәтижесін береді. Сондықтан сала өкілдері қаржыландырумен бірге көлік желілерінің өзара байланысын күшейту мәселесін де көтеріп отыр.

Алатауда әуе таксиі жобасы қарастырылып жатыр

Форумда қаржы технологияларынан бөлек, қалалық көлік қатынасына арналған инновациялық жобалар да сөз болды. Alatau Advance Group Ltd. компаниясының атқарушы директоры Алма Әліғужинова Алатау қаласында әуе таксиі жобасын жүзеге асыруды қолдап отырғанын айтты.

Оның сөзінше, электр қуатымен қозғалатын, тігінен ұшып-қонатын eVTOL әуе көлігі қала ішіндегі қатынасты жақсартуға арналған.

Қалаларға әуе таксиі не үшін қажет? Біріншіден, мұндай әуе көлігіне ұшып-қону жолағы керек емес. Екіншіден, шу деңгейі төмен. Үшіншіден, электр қуатын пайдалану экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазір біз осы жобаны Алатау қаласында жүзеге асыруды қолдап отырмыз, – деді Әліғужинова.

Пандемия жүк авиациясын дамыту қажеттігін көрсетті

Форумда сөз сөйлеген кәсіпкер Санат Көпбаев авиация саласына инвестиция салуына пандемия кезіндегі қиындықтар түрткі болғанын айтты.

Оның сөзінше, коронавирус тараған тұста елде дәрі-дәрмек тапшылығы туындап, олар Boost Health қорын құрған. Қор арқылы Қазақстанға дәрі жеткізілген. Алайда Украинадан дәрі-дәрмек тасымалдау кезінде ұшақ табу қиынға соққан.

Біз нақты мәселеге тап болдық: дәрі-дәрмекті елге жеткізгіміз келеді, бірақ ұшақ таба алмаймыз. Өйткені сол кезде бүкіл әлем дәрі тасымалдаумен айналысып жатты. Сонда мұның ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін түсіндік. Пандемия қайталануы немесе кез келген уақытта төтенше жағдай болуы мүмкін. Осындай сәтте қажетті жүкті өз күшімізбен тасымалдай алмай қалуымыз ықтимал, – деді Көпбаев.

Осы жағдайдан кейін авиациялық жобаны қолға алу идеясы туған. Алайда 2022 жылы Ресей мен Украина арасындағы соғыстың басталуы жаңа қиындықтар туғызып, кәсіпкерлер алдымен логистика бағытын дамытуға кіріскен.

Көпбаевтың айтуынша, топ құрамындағы Boost Logistics компаниясы үш жыл ішінде жеке вагондар паркі мен теміржол платформаларын сатып алып, Қазақстандағы үздік он тасымалдаушының қатарына енген. Компанияның жұмысын жолға қойғаннан кейін ол авиацияға инвестиция салу идеясына қайта оралған.

Бұл – оңай бизнес емес. Қомақты капитал қажет, нарыққа кіру кедергілері де жоғары. Елде мамандар, әсіресе техникалық қызметкерлер жетіспейді. Қазір мұны қатты сезініп отырмыз, – деді ол.

Кәсіпкер көршілес Өзбекстанда жүк авиациясы қарқынды дамып жатқанын да атап өтті. Оның айтуынша, соңғы бес жылда бұл елде жеті жүк авиакомпаниясы құрылып, Қазақстаннан көптеген маманды жұмысқа тартқан.

Қазір командамызбен бірге Өзбекстандағы мамандарымызды Қазақстанға қайтару үшін жұмыс істеп жатырмыз, – деді Санат Көпбаев.

Наверх