Жаңа толқын кино саласына өзіндік өзгерістер әкелді- Кинотанушы

13 Желтоқсан 2023, 13:45
646
Бөлісу:
Жаңа толқын кино саласына өзіндік өзгерістер әкелді- Кинотанушы
Фото: автордан

Алматыда XI Халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалінде жастарды жігерлендіретін «JAS ÓNER» журналы таныстырылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

 Кинотанушы Талғат Тайшановтың айтуынша, қазақ жастарының кино саласындағы бет алысы жаман емес. Жас толқынның туындылары әлемдік додаларда топ жарып жүргенін атап өтті.

 Қазақ киносы дамып жатыр. Алға жылжу бар деп айта аламын. Біздің жаңа толқын кино саласына өзіндік өзгерістер әкелді. Әртүрлі жанрда фильм түсірді. Ендігі кезек жас толқында. Студенттеріміздің өнерін көріп, болашақта мықты маман қалыптасарына сенімім мол. Осы жерде бір айта кетерлігі, жас киногерлерге арнап «JAS ÓNER» атты журнал шығардым. Бұл жерде кино жайлы қызықты мағлұматтарды табуға болады. Талантты режиссерлермен сұхбат, киноталқы сынды дүниелер жазылған. Меніңше, жастарымыз кино түсірердің алдында өзінің бар жан дүниесін салу керек, жүректен шыққан туынды әрбір көрерменің көңілінен шығады. Сондай-ақ әрбір туындыда шынайылық болу қажет. Мәселен, «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» сынды фильмдерді қайта-қайта көре бергің келеді, себебі бұл жерде сол кездегі тұрмыс пен шынайылықты көруге болады. Жас өнерпаздарға айтарым, кино түсірерде халықтың тұрмысын шынайы беру керек. Себебі шетелдік көрермендерге қазақтың тұрмыс-тіршілігі мен әдет-ғұрпы қызықты. Дегенмен осылай екен деп әсірелеп, халықты сүйкімсіз көрсетпеу керек. Себебі сіз көрерменің сезімін оятамын деп, халқыңыз жайлы теріс пікір қалыптастыруыңыз мүмкін. Сол себептен әрбір киногер фильм түсірерде жауапкершілікті сезіну қажет, – дейді Қазақ ұлттық өнер университеті «Кино және ТД» кафедрасының меңгерушісі Талғат Тайшанов.

 Фестивальге қатысу үшін Испания, Франция, Румыния, Польша, Иордания, Үндістан, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдерден 700-ден астам өтінім келіп түскен.

Жас режиссерлер үшін «Бастау» студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалінің орны жоғары. Бұл фестивальдің талантты адамдардың қалыптасуына көмек береді. Шетелдік мамандар мен сұхбаттасу арқылы киноталқы ұйымдастыруға болады. Кем-кетік тұстарын талдауға болады. Фестивальге «JAS ÓNER» атты журналымды алып келдім. Бұл жерде «Бастау» студенттік және дебюттік фильмдерде жеңімпаз болған жандар жайлы жазғанбыз. Бұдан бөлек, әлемдік кинорейтингтерде топ жарған жастар жайлы жазған. Осыны оқып отырған жастардың бойында ерік-жігер туындайды деген сенімдемін, – дейді Талғат Тайшанов.

Өзгелердің жаңалығы