Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин хабарлады.
Ал еліміздегі эпидахуалды бақылап отыратын ASHYQ қосымшасы тек кәмелетке толғандар үшін ғана қолжетімді екені белгілі. Алайда балалар да індеттің таратушысы болуы бек мүмкін.
Мәселен, Ресейде балалар қоғамдық орындарға бармас бұрын тексерістен өтуіне қатысты іс-шаралар қабылдануда. Бізде балаларға қатысты мұндай шаралар қабылдануы мүмкін бе деген сұраққа Алматының бас санитарлық дәрігері жауап берді.
Бізде бұл мәселе әлі қарастырылған жоқ. Мысалы, 5 жасқа дейінгі балаларға маска кию режимі жоқ. Бұрын індет туралы балаларға қатысты сөз аз қозғалды. Қазіргі жағдайды қарасақ, бір апта ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында аурудың таралуы 4%-ға артқан. Ал 60 жастан асқандардың арасында 6%-ға көбейген. Бұл жаңа пайда болған штамның қаншалықты патогенді екендігін көрсетіп отыр, - деді Жандарбек Бекшин.
Сондай-ақ бас санитарлық дәрігердің айтуынша, балалардың ауруға шалдығуы көбейсе, бұл деректер ASHYQ қосымшасына енгізілуі мүмкін көрінеді.
Бұған дейін Жандарбек Бекшин жыл басынан бері 428 532 алматылық індетке қарсы екпе салдырғанын айтты.