Жаңа штамм барынша жұқпалы, жауапкершілік танытсаңыздар екен – Қиясов

12 Қаңтар 2022, 17:30
2601
Бөлісу:
Жаңа штамм барынша жұқпалы, жауапкершілік танытсаңыздар екен – Қиясов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлем елдері коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегінің күрт өскенін айтып, дабыл қағуда. Елімізде де соңғы аптада індет өршіп тұр. «Омикрон» штамы несімен қауіпті? Қандай карантиндік шектеу шаралары енгізілуі мүмкін? Вирустан қалай қорғанамыз? Осы және өзге де сұрақтарға Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов жауап берген болатын.

- Еліміздегі соңғы оқиғалар кезеңінде дәрігерлер қалай жұмыс істеді?

- Барлық қазақстандықтармен бірге біз де орын алған қайғылы оқиға үшін уайымдадық. Террористік әрекет салдарынан жақындарын жоғалтқан жандардың отбасына қайғырып көңіл айтамыз. 

Жағдайды бейбіт жолмен реттеу бойынша қабылданған іс-шараларға қарамастан, әкімшілік мекемелерге, соның ішінде, медициналық ұйымдар мен медицина қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасалып, жедел медициналық көмек көрсету барысында автокөлік құралдары бүлінгенін білесіздер. 

Денсаулық сақтау министрлігі тәулік бойы жұмыс істеген шұғыл штаб ұйымдастырды. Халыққа дер кезінде медициналық көмек көрсету мен мәселелерді жедел шешуді қамтамасыз ету үшін барлық іс-шаралар қабылданды. 

Айта кетерлігі, осындай күрделі жағдайда медицина қызметкерлері ештеңеге қарамастан халыққа көмек көрсетуін жалғастырды.

Өздерінің кәсіби міндетін атқара отырып, біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі жағдайды тұрақтандыру бойынша қабылдаған іс-шараларын толықтай қолдаймыз.

- Елде өршіп тұрған коронавирус инфекциясының «Омикрон» штамына тоқталсақ. Жаңа штамм несімен қауіпті?

- Дүние жүзінің мамандары жаңа «Омикрон» штамының өте тез жұғатынын айтып отыр. Мәселен, жаңа вирустың жұқпалылығы «Дельта» штамға қарағанда 5 есе жоғары. 

ДДСҰ-ның деректері бойынша, жаңа штамм жұқтыру жағдайы әр 2-3 күн сайын екі еселенуде. Мұндай таралу жылдамдығымен әлемдегі пандемия жағдайы бір аптадан соң 8 есеге, ал бір айдың ішінде 40 есеге дейін нашарлауы мүмкін. 

Бүгінгі таңда әлемде коронавирус инфекциясын жұқтырудың күрт өсуі байқалады. КВИ 275 млн-нан астам дерегі тіркелген, тәулігіне 500 мыңнан астам жағдай тіркеледі. 5,3 млн-нан астам адам қайтыс болған. Қазіргі сәтте «Омикрон» вирусы әлемнің 126 мемлекетінде анықталып үлгерді. 

Соңғы 14 күн ішінде аурушаңдықтың қатты өсуі Данияда 70%-дан астам көрсеткішпен орын алды. Сондай-ақ Италия, Швецияда – 50%-ға, Франция мен Ұлыбританияда - 40%-ға,  Норвегия, Португалияда - 30%-ға көбейген.

- Коронавирустың жаңа штамы Қазақстандағы аурушаңдық деңгейіне қалай әсер етті?

- Республикамызда коронавиурс инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай нашарлап барады. 2022 жыл басталғалы бері   COVID-19 расталған 16 мыңнан астам жағдай анықталды. 

Ал соңғы тәулікте елде КВИ+ дерегімен 4810 жағдай және КВИ- дерегімен 79 жағдай тіркелген. Осы орайда тәуліктік аурушаңдықтың 77%-ы 4 аймаққа тиесілі. Олар:  Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Атырау облысы.

Коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес республикамыз бен аталған 4 өңір «қызыл» аймақта, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау және Павлодар облыстары «сары» аймақта тұр. Қалған 7 өңір «жасыл» аймақта. 

Соңғы 7 күн ішінде коронавирус инфекциясының өршуі барлық өңірлерде байқалуда. Бұл жаңа «Омикрон» штамының таралуымен байланысты. 

- «Омикрон» штамынан қалай қорғанамыз?

- Коронавирустың басқа түрлерімен салыстырғанда, «Омикрон» 20-30 жастағы халықтың ең белсенді топтарына жұғуға бейім. Сонымен қатар КВИ-ді қайталап жұқтырып алу қаупі бар. 

Коронавирус инфекциясының, соның ішінде «Омикрон» штамының жылдам таралуына халықаралық сапарлар санының артуы мен қоғамдағы байланыс процестерінің ұлғаюы себеп болып отыр. Жаңа жыл мейрамы мен елде орын алған соңғы оқиғалар аурушаңдықтың күрт өсуіне әсер етті. Қазір «Омикрон» вирусының таралуы себепті халықтың жаппай ауырып жатқанын көріп отырмыз.

Аурудың белгілеріне: шаршағыштық, бас ауруы, дене қызуының көтерілуі жатады.

Қазіргі уақытта ДДСҰ ауру ағымының ауырлығын, клиникалық пайда болуы мен вакцинаның тиімділігін зерттеуде. 

КВИ-ға қарсы вакцинация бүгінде әлемде жалғыз тиімді жол болып отыр. Коронавирустың жаңа штамдарының пайда болуы мен таралуының алдын алу үшін ұжымдық иммунитеттің қажетті деңгейіне қол жеткізуіміз шарт. 

Бүгінгі таңда республикада 9 млн-нан астам адам екпенің бірінші компонентін салдырды. Бұл тиісті халықтың жалпы санының 79,2%-на тең. Ал екінші компонентті 8,5 млн-нан астам адам алған. Қамтылу деңгейі – 75,1%.

Одан бөлек, жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдерді вакцинациялаудың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында министрлік  «Comirnaty» компании «Pfizer» вакцинациясының «Comirnaty» вакцинасының 4 млн 230 мыңнан астам дозасын сатып алды. Аталған вакцинаның бірінші компонентін 367 578 адам, ал екінші компонентін 157 210 адам алды. 

Сонымен қоса, бүгінгі таңда ревакцинациямен 600 мыңдай адам қамтылды. 60 жастан асқан адамдарға ревакцинациялау үшін «Comirnaty» вакцинасын салуды бастау жоспарлануда.

Уақытында жасалған иммундау коронавирус инфекциясы ауруының ауыр салдарынан қорғауға, сондай-ақ аурудың жеңіл өтуіне қабілетті.

- Шетелде жаңа штамға байланысты қандай шектеулер енгізіліп жатыр?

- Әлемде эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты көптеген мемлекеттер қатаң шектеу шараларын қабылдауды. 

ДДСҰ-ның арнайы өкілі жасаған болжамға тоқталып өтсем. АҚШ-та тәулігіне 1 млн 130 мыңнан індет жұқтыру дерегі тіркелуі – пандемия басталғалы бері байқалған абсолютті шарықтау шегі. 

Шектеулер қатаңдатылып жатыр. Австрияда бүгіннен бастап көшеде екі метр әлеуметтік қауіпсіз арақашықтықты сақтау мүмкін болмаса, маска киіп жүру міндетті. Азық-түлік сатпайтын дүкендерге вакцинация туралы сертификат немесе аурудан жазылғандығы туралы анықтама бар кезде кіргізеді. Үндістан да жаңа ережелер енгізді. Шетелден келгендердің барлығы бір апта үй карантинінде отырып, бірнеше ПТР-сынама тапсырады.

- Ал біздің елде қандай шектеу шаралары қолданылады?

- Бүкіл әлемдегідей, Қазақстанда да ауру барынша өршіп тұрған аймақтарда қосымша сақтық шараларын енгізу жоспарланып отыр. Ол «Ашық» жобасының шеңберінде жүзеге асырылады. 

Шетелден коронавирус инфекциясын жұқтырып әкелмеу мақсатында елге келген кезде алынғанына 72 сағат өтпеген ПТР-сынамасының теріс нәтижесі бар міндетті анықтаманың болуы енгізіледі.  

- Ауырып қалмас үшін қандай алдын алу шараларын сақтау қажет?

Коронавирус инфекциясының үнемі мутацияға ұшырайтынын есепке ала отырып, әрі «Омикрон» штамының жылдам таралуын ескере келе барынша сақтанып жүруге шақырамын.

Эпидемиологиялық кезең, оның үстіне, жедел респираторлық вирустық аурулар қозатын қысқы уақытта әр адам жағдайға барынша жауапкершілікпен қарап, өзі ауырып, басқаға да жұқтырмас үшін алдын алу шараларының бәрін ұстануы тиіс. Халық көп жиналатын орынға барудан бас тарту, ұжымдық жиындар өткізбеу, бармау. Жұмыс орындарында міндетті маска кию режимін, әлеуметтік арақашықтықты және жеке гигиена ережелерін сақтау, ғимаратты жиі желдету қажет.

Туыстарыңыздың үйіне баруды, үйіңізге қонақ шақыруды кейінге қалдырыңыз. 

Организміңізге суық тиюге жол бермеңіз, коронавирус инфекциясының алғашқы белгілері байқалса, үйде қалып, медициналық көмекке жүгініңіз.

Отбасыңыз бен жақындарыңыздың өміріне қауіп төндірмеңіз. Байланыс үшін заманауи байланыс құралдарын қолданған дұрыс.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы