Жаңа Қазақстанды жалған ұрансыз құруымыз керек – Айгүл Орынбек

16 Наурыз 2022, 21:30
3502
Бөлісу:
Жаңа Қазақстанды жалған ұрансыз құруымыз керек – Айгүл Орынбек

Шымкент, BAQ. KZ тілшісі. Жағымпаздану мен жалған ұраннан халық шаршады. Сондықтан Жаңа Қазақстанды жалған ұрансыз құруымыз керек. Заңгер, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек ҚР президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтылған ұсыныстар жөнінде пікір білдірді.

Елге қызмет ету үшін қызмет керек емес. Ұстанымым осы. Жаңа Қазақстанды құру үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұдырықтай жұмылатын кез келді. Отанға, Ұлтқа қызмет ету — әрбір азаматтың парызы. Ұлттық кеңес өкілдері қоғамдық жұмыс, халықтың үнін жоғарыға жеткізу мақсатында Президенттің жанына жиналдық. «Елге адал қызмет етемін» деген мүшелердің қатары артса, тек қуанамын. Мемлекет — жалғыздан құралмайды. Осыны ұмытпайық, — дейді Айгүл Орынбек.

Ол әр өңірдің беделді азаматтары Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі орнына құрылатын Ұлттық құрылтай төңірегіне жиналауы керек екенін айтты.

«Бастысы... Президентіміз елге қызмет етуге мүмкіндік берді, сол сенімді жоғары бағалап, лайық ақтау керек. Жағымпаздық пен жалған ұраннан халық шаршады. Халықтың билікке деген сенімі сөніп, жоғалды. Соны ашық айтып, бұл жайтпен күресу маңызды. Ендігі жерде халық алдында әр өңірдің беделді азаматтары еш жасқанбай, осы Ұлттық құрылтай төңірегіне жиналып, Жаңа Қазақстанды жалған ұрансыз құруымыз керек! Бұған дейін де өңірлердегі қоғамдық кеңестер әкімдердің қолшоқпарларынан емес, жергілікті жерде, ел алдында жүрген беделді белсенділерден жасақталуы керек екенін үнемі көтеріп жүрдім.

Шегелей айтып та келдім. Бүгін, міне, сол көтерілген мәселе жүзеге асып жатқаны қуантты. Жаңа Қазақстан — сіз бен біздің үмітіміз, артқан аманатымыз!»

Айгүл Орынбектің айтуынша, президент жолдауындағы ұсыныстардың дені — халықтың үні!

«Президент пен әкімдер ешқандай партияның құрамында болмауы керек» деп үнемі айтылып келді. Әсіресе, өңірлердегі партияға шағым айтып барған жергілікті халық, сол партияның төрағасы — әкімнің алдына қайта кіріп, табалдырық тоздыруға мәжбүр. Яғни, ауыл-аймақтағы көптеген әлеуметтік мәселенің бүгінге дейін шешілмей қордаланып, жұртшылықты жауыр етіп келгені — осындай заңсыздықтар мен бассыздықтардың кесірі. Президентіміз халықтың билікке деген қара қазандай өкпесі мен ашу-ызасын, мезі еткен мәселелерін көзбен көріп отыр. Иә, сондықтан ол кісіге дәл қазір жағымпаздар емес, елге адал қызмет ететін патриоттар керек, — деді ол.

Ұлттық кеңес мүшесінің сөзінше, бұл жолдау — ел қамын жейтін, тіпті артық сөзді қажетсінбейтін нақ әрі нық қадам болып отыр.

«Ашықтық пен жариялылықтың, халық үніне құлақ асатын мемлекеттің қаланып жатқан кірпіші, тіпті алынбас қамалы дер едім. Бұл — парламентті күшейту арқылы Жаңа Қазақстанды құруға таптырмайтын телегей мүмкіндік. “Қолымда билік болса, үйтіп жіберетін едім! Әттең...!” деп тақымын қысып отырған антқа адал азаматтардың атқа қонатын уақыты келді»

Оның сөзінше, жолдауда халықты мазалап жүрген өзекті мәселе — сот жүйесі туралы да айтылды.

Ендігі жерде Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкіл де Конституциялық сотқа жүгіне алады. Әрине, президентіміздің бұл бастамалары әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болмақ. Мен бұған зор сенім артамын. Азаматтық қоғам — Жаңа Қазақстанның кепілі!, - деп түйіндеді Айгүл Орынбек.

Өзгелердің жаңалығы